Евразия24Басты бетБілім берудің болашағы қандай болмақ?

Білім берудің болашағы қандай болмақ?

|

|

Жоғары білімнің елдегі кез келген инновациялық бастаманы жүзеге асыруда шешуші рөл атқаратыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Қазақстанда жоғары білім алу мерзімін 2,5–3 жылға дейін қысқарту жөніндегі ұсынысы қалыптасқан төрт-бес жылдық оқу жүйесімен салыстырғанда елеулі өзгеріс саналады. Алайда мұндай жағдайда жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламалары колледждер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан несімен ерекшеленеді деген заңды сауал туындайды.

Ғылым және жоғары білім министрі бұл ретте Болон жүйесін ұстанатын Батыс елдерінің тәжірибесіне назар аударады. Онда бакалавр дәрежесін алу үшін үш жылдық, яғни алты семестрлік оқу бағдарламалары кеңінен қолданылады. Тіпті кейбір мемлекеттерде бакалавриатты екі жылда аяқтауға мүмкіндік беретін бағдарламалар да бар. Бұл тәсілдің негізгі тиімділігі – оқу мерзімін қысқартып, білім алуға кететін шығынды азайту. Студент еңбек нарығына ертерек шығады, оқу кезеңіндегі тұрмыстық шығындары азаяды, соған сәйкес білім алуға жұмсалатын жалпы қаражат та төмендеуі мүмкін.

Мұны білім беру саласындағы өзіндік шринкфляция деуге болады. Яғни бағаны өсірмей, оның орнына ұсынылатын өнімнің көлемін азайту тәсілі білім беру саласына да көшкендей. Қарапайым тілмен айтқанда, төрт жыл оқуға мүмкіндік болмаса, сол жоғары білімді үш жылда алып шығуға болады деген ұстаным ұсынылып отыр.

Мұндай тәсілдің әлсіз тұсы да бар: оқу мерзімі қысқарған сайын білім беру үдерісі қарқындай түседі. Мәселен, Ұлыбританияның кейбір жоғары оқу орындарында үш жылдық бакалавриат бағдарламасын екі жылда аяқтауға болады. Бұл ретте пәндер мен оқу мазмұны қысқартылмайды. Оның орнына оқу жылы ұзартылып, демалыс уақыты азаяды және жазғы триместр енгізіледі.

Демек, халықаралық тәжірибе бакалавриаттың міндетті түрде төрт жылға созылуы шарт емес екенін көрсетеді. Әсіресе оқу бағдарламасы диплом жұмысын жазуды талап етпейтін мамандықтарда білім алу мерзімін қысқартуға мүмкіндік бар.

Алайда мәселенің екінші жағы бар: жоғары білімнің мазмұны қандай болуы керек? Дәстүрлі университеттердің басты ерекшелігі – студентке белгілі бір кәсіпті меңгертумен шектелмей, түрлі ғылым салалары бойынша терең әрі жан-жақты білім беруінде. Мұндай орта кәсіби маман даярлаумен қатар, дүниетанымы кең, ойлау мәдениеті қалыптасқан зиялы қауым өкілдерін тәрбиелеуге де ықпал етті.

Мұндай міндетті үш жыл ішінде толық орындау мүмкін бе? Егер университет 2,5–3 жылдың ішінде студентке жұмыс берушіге қажет кәсіби дағдыларды ғана меңгертіп, іргелі пәндердің едәуір бөлігін оқу бағдарламасынан алып тастап, түлекті еңбек нарығына барынша тез шығаруды көздесе, онда жоғары оқу орнының негізгі міндеті де өзгереді. Мұндай білім беру жүйесінің техникалық және кәсіптік білім беретін колледжден қандай түбегейлі айырмашылығы қалады? Егер университеттің міндеті тек еңбек нарығына қажетті маман даярлаумен шектелсе, оны университет деп атаудың өзі қаншалықты орынды деген сұрақ туындайды.

Бұл ретте министр Саясат Нұрбектің Батыс елдерінің тәжірибесін үлгі ретінде келтіруі де даулы. Бүгінгі Батыс елдеріндегі жетекші саяси және қоғамдық элита өкілдерінің интеллектуалдық деңгейін осыдан 60–70 жыл бұрынғы буынмен салыстырғанда, логикалық пайымдау мен қарапайым ой қорыту деңгейінің төмендегенін, идеологиялық шеңберден шыға алмау мен дайын қалыптарға сүйенудің күшейгенін байқауға болады. Батыстың Қытаймен технологиялық бәсекеде кейіндеп қалуы да осы мәселеге қатысты ойлануға негіз береді. Оқу мерзімін, әсіресе болашақ зияткерлік элитаны даярлау кезеңін қысқартудың салдары осындай болуы мүмкін.

Біздіңше, Ғылым және жоғары білім министрлігі жұмыс берушілермен бірлесіп, әр мамандық бойынша үш жылдық оқу нәтижесінде қандай деңгейдегі маман даярлануы керегін нақты айқындауы тиіс. Еңбек нарығына белгілі бір міндеттерді кәсіби деңгейде орындайтын қызметкер керек пе, жан-жақты білім алған маман қажет пе, әлде ғылыми ізденіске бейім болашақ зерттеуші даярлау көзделе ме? Бұлардың әрқайсысы білім беру жүйесіне бөлек талап қояды.

Ал терең академиялық даярлықты қажет етпейтін және нақты кәсіби дағдылар жеткілікті мамандықтар бойынша оқу мерзімін қысқартуға болады. Бірақ мұндай даярлықтың мазмұны мен мәртебесі де соған сәйкес айқындалуы қажет. Егер оқу бағдарламасы тек белгілі бір кәсіпке қажетті дағдыларды қысқа мерзімде меңгертуді көздесе, оны жоғары білім санатына жатқызу қаншалықты негізді? Осы ара-жік нақты белгіленсе, мәселенің мәні де айқындала түсер еді.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Жаңа Құрылтай: Қазақстан үшін шешімді енді кім қабылдайды?

23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Екі палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын жаңа Құрылтай келеді. Бұл сайлауға 7 саяси партия мен жүздеген кандидат қатысады.

Қазақстанда рейтинг агенттіктерінің қызметін реттейтін заң қабылданды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кредиттік рейтингтік қызмет туралы» заңға және оған ілеспе түзетулерге қол қойды.

Вэнс Иранға ықпал етудің ең тиімді жолы экономикалық қысым екенін айтты

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Иранға ықпал етуде Вашингтонның қолындағы ең тиімді құрал экономикалық қысым екенін мәлімдеді.

Израиль Түркияның Сириядағы әскери күшін арттыру жоспары туралы барлау мәліметін алған

Израиль Түркияның Сириядағы әскери күшін едәуір арттыруды жоспарлағаны жөнінде сенімді барлау деректерін алған. Бұл туралы Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер мәлімдеді.