Евразия24Үздік бестікке енген ақпараттарЖасанды интеллект қылмысты әшкерелеуге мүмкіндік береді

Жасанды интеллект қылмысты әшкерелеуге мүмкіндік береді

|

|

Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлайды: «Алматыда Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың «Болашақтағы тәуекелдер мен қатерлер» тақырыбындағы форумы өтті. Жиынға 10 елдің қаржылық барлау бөлімшелері, құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ жеті халықаралық ұйым қатысты. Форумда қаржылық барлау жұмысында жасанды интеллект пен басқа да заманауи технологияларды пайдалану мәселесіне баса назар аударылды. Атап айтқанда, күмәнді транзакцияларды анықтау, ауқымды деректерді талдау және қаржылық мониторингтің тиімділігін арттыру мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар қылмыстық кірістерді мемлекетаралық деңгейде заңдастыру тәсілдері, дропперлерді пайдаланатын схемалардың түрлері мен осал тұстары, сондай-ақ оларды ұйымдастырушыларды анықтау тәжірибесі талқыланды. Қаржылық тергеу жүргізудің заманауи тетіктері, қылмыстық жолмен алынған активтерді тәркілеу және халықаралық ынтымақтастық мәселелері де форумның негізгі бағыттарының бірі болды. Жиын барысында қатысушы елдер жаңа қатерлерге қарсы тиімді шаралар әзірлеу жөніндегі ұлттық тәжірибелерімен бөлісіп, қолданылып жүрген тәсілдерді ортаға салды».

Еуразия24 пікірі:

Алматыда сарапшылар күмәнді транзакцияларды анықтауда жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктерін талқылап жатқанда, әлемдік тәжірибе бұл мәселенің қаншалықты ауқымды екенін көрсетіп отыр. Шілде айында INTERPOL 97 ел мен аумақты қамтыған First Light 2026 операциясының қорытындысын жариялады . Бірнеше айға созылған операция барысында 5 811 адам ұсталып, шамамен 293 млн доллардың активтері бұғатталды немесе тәркіленді. 31 014 банк шоты бұғатталып, алаяқтардан зардап шеккендердің саны 142 мыңнан асты. Операция банктердің, полицияның, инвестициялық платформалар мен тауар және қызмет жеткізушілерінің атын жамылу, сондай-ақ жалған романтикалық қарым-қатынас орнату арқылы жасалатын әлеуметтік инженерияға негізделген алаяқтық түрлеріне қарсы бағытталды.

Қазір интернет-алаяқтық жекелеген қылмыстар шеңберінен шығып, жүйелі сипат ала бастады. Қылмыскердің жәбірленушімен тікелей кездесуі немесе онымен бір елде болуы да міндетті емес. Алаяқтық схемаларын әлемнің әр түкпірінен ұйымдастырып, заңсыз иемденген қаражатты бірнеше мемлекеттің қаржы жүйесі арқылы өткізіп, кейін криптовалюта әмияндарына аударуға мүмкіндік бар.

Бұл ретте жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін екі тарап та пайдаланып отыр. Құқық қорғау органдары оның көмегімен ауқымды қаржы деректерін саралап, қалыптан тыс операцияларды анықтайды. Сонымен қатар жаңа технологиялар алаяқтардың да мүмкіндігін кеңейтіп, олардың әрекетін күрделендіре түсуде.

Қазақстанда цифрлық төлемдер, онлайн-банкинг пен электрондық мемлекеттік қызметтер кеңінен қолданысқа еніп, қаржы саласын цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Алайда азаматтар үшін қолайлы болған цифрлық мүмкіндіктерді алаяқтар да өз мақсатына пайдалануға тырысады. Сондықтан жаңа технологияларды енгізумен қатар, қаржы жүйесінің қауіпсіздігін күшейтіп, жаңа алаяқтық тәсілдерге дер кезінде қарсы әрекет ету маңызды.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев ТМД саммитіне қатысу үшін «Аваза» кешеніне келді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Түрікменстандағы «Аваза» ұлттық кешеніне келді. Бұл туралы жұма күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Солтүстік Корея Сеулдің медициналық көмек ұсынуын «сайқымазақ әрекет» деп атап, одан бас тартты

Корея Еңбек партиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі әрі КХДР басшысы Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ё Чжон Пхеньянның Оңтүстік Корея ұсынған гуманитарлық медициналық көмекті қабылдамайтынын тағы да мәлімдеді.

Ұлыбритания Эстонияға 250 шақырымнан астам қашықтыққа ұшатын соққы беруші дрондар орналастырды

Эстонияда орналасқан британдық әскери контингент 250 шақырымнан астам қашықтыққа ұшатын Nyan ұшқышсыз жүйелерін қару-жарақ құрамына енгізді. Бұл одақтас күштердің алыс қашықтықтағы нысандарға соққы беру мүмкіндігін кеңейтеді.

ЕЭК Қытайдан әкелінетін мұнай-газ құбырларына демпингке қарсы бажды тағы бес жылға ұзартты

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Қытайда өндірілетін, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау мен пайдалануға арналған жіксіз болат құбырларға қатысты демпингке қарсы шаралардың мерзімін тағы бес жылға ұзартты.