Оқиға Жамбыл облысында болған. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі лицейде 10 жыл жұмыс істеген. 2025 жылдың қаңтарынан бастап оған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының міндеті де жүктелген. 2026 жылы сәуірде мұғалім жұмыстан шығарылған. Ол бұл шешіммен келіспей, қызметіне қайта орналасу, жұмыссыз қалған уақыттағы жалақысын және моральдық зиян өтемін өндіру туралы талаппен сотқа жүгінген.
Жамбыл облыстық сотының хабарлауынша, мұғалім директордың орынбасары міндетін атқарған кезде бірқатар тәртіп бұзушылыққа жол берген. Сол үшін оған қатаң сөгіс жарияланып, кейін тағы бірнеше кемшілік анықталған. Алайда олардың барлығы директор орынбасары ретінде атқарған жұмысына қатысты болған. Ал оның ағылшын тілі мұғалімі ретіндегі жұмысына қатысты мұндай деректер болмаған. Мектеп те педагогикалық міндетін тиісінше атқармағанын дәлелдейтін мәлімет ұсынбаған. Сондықтан сот оны мұғалім қызметінен босатуға негіз жоқ деп тауып, жұмыстан шығару туралы бұйрықты осы бөлігінде заңсыз деп таныды және бұрынғы қызметіне қайта орналастырды.
Сот шешімімен мектеп мұғалімге жұмыссыз қалған кезең үшін 1,2 млн теңге жалақы, 219 мың теңге сауықтыру жәрдемақысын және 100 мың теңге моральдық зиян өтемін төлеуге тиіс. Сондай-ақ өкіл қызметіне кеткен шығын мен мемлекеттік бажға байланысты 350 мың теңге өндірілді.
Тағы бір маңызды жайт, Жамбыл аудандық бірінші сатыдағы сот мектеп басшылығы мен жауапты қызметкерлер тарапынан заң талаптарының бұзылғанын анықтап, жеке ұйғарым шығарды. Анықталған заңбұзушылықтар туралы аудандық білім бөліміне хабарланды. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Оқиға шағын аудан көлемінде болғанымен, бұл істің берер сабағы бар: әр адам өз құқығын қорғауға тиіс. Алайда сот шешімімен қызметіне қайта оралған адамның бұрынғы жұмыс орнында ұзақ уақыт еңбек етуі қаншалықты мүмкін деген басқа мәселе туындайды. Өйткені сотқа дейін жеткен дау, оның үстіне соттың жеке ұйғарым шығаруына себеп болған жағдай қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы бұрынғы қарым-қатынасты қалпына келтіре қоюы екіталай.
Егер Жамбыл облысындағы мұғалімге қатысты сот шешімі заңды күшіне еніп, ол жұмысына қайта оралса, мектеп әкімшілігімен арадағы жағдайдың одан әрі қалай өрбитіні де маңызды. Педагогикалық ортадағы қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктерін ескерсек, мұғалімге моральдық-психологиялық тұрғыдан қысым жасалуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз. Дегенмен екі тарап осы дауға нүкте қойып, алдағы жұмысты жаңадан бастауға мүмкіндік табады деп үміттенеміз.




