Евразия24Не болдыАлматыда прокурор бес белсендіні сегіз жылға соттауды сұрады

Алматыда прокурор бес белсендіні сегіз жылға соттауды сұрады

|

|

Алматыда бес белсенді — Асқар Нұрмаған, Қайсар Өзбек, Әбдуәли Тағай, Талғат Әшіров және Дүйсенбек Жақашевке қатысты сот процесі аяқталуға жақын қалды. Оларға билікті күшпен басып алуға және жаппай тәртіпсіздікке дайындалды деген айып тағылған.

ҚазТАГ хабарлауынша, мемлекеттік айыптаушы бес белсендінің әрқайсысын сегіз жылға соттауды сұрады.

«4 қыркүйекте Алматыда өткен сот отырысында прокурор билікті күшпен басып алуға және жаппай тәртіпсіздікке дайындалды деп айыпталған бес белсендінің әрқайсысын сегіз жылға соттауды сұрады. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады», — деп ҚазТАГ Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросына сілтеме жасап жазды .

Нақтырақ айтқанда, сотталушылардың үшеуіне — Асқар Нұрмаған, Дүйсенбек Жақашев және Әбдуәли Тағайға «бір топ адамның билікті күшпен басып алуын немесе ұстап тұруын насихаттады, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздікке дайындалып, оны ұйымдастырмақ болды» деген айып тағылған. Қайсар Өзбек пен Талғат Әшіровке бұған қоса, «бір топ болып жарылғыш заттарды заңсыз сатып алды, сақтады және тасымалдады» деген айып тағылып отыр.

Белсенділер 2025 жылғы маусымда ұсталған. Айыптау тарапы олардың Астанада жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болғанын алға тартады. Ал адвокаттар бұл айыптаулардың еш негізі жоқ екенін айтады.

Ұсталғандардың барлығы зейнет жасына таяған, жастары 56 мен 62 аралығында. Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы 2026 жылғы ақпанда олардың әрқайсысы туралы жеке-жеке жазған .

Төменде сол жарияланымнан үзінділер берілген.

57 жастағы Асқар Нұрмаған — Қарағандыдағы азаматтық белсенді. Ол Украинаға қолдау білдіріп, мобилизациядан қашып Қазақстанға келген ресейліктердің көбеюіне қарсылық танытып, бірнеше рет наразылық акциясына шыққан. Бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке де тартылған. Мәселен, 2025 жылы 9 мамырда, Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германияны жеңген күнгі шара кезінде КСРО туын көтеріп өткен шеруге кедергі келтіргені үшін 15 тәулікке қамалған.

Нұрмаған бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке де тартылған. 2021 жылғы ақпанда сот оны «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы» қозғалыстарының қызметіне қатысты деген айыппен бір жарым жылға бас бостандығын шектеп, мәжбүрлі еңбекке тарту жазасын тағайындаған. Бұл қозғалыстарды Қазақстан соты экстремистік ұйымдар деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент қарарында олар бейбіт оппозициялық қозғалыстар ретінде көрсетілген.

58 жастағы Қайсар Өзбек — Алматыдағы азаматтық белсенді. Ол бұған дейін де елдегі саяси оқиғаларға қатысты көзқарасын ашық білдіріп жүрген. Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға кіргізбеуді талап етіп, алаңға шыққан белсенділердің қатарында болған.

Кейін ол Азаттыққа 6 қаңтарда, жаппай тәртіпсіздіктен кейінгі күні алаңда болған жағдайды баяндаған. Өзбектің айтуынша, әскерилер «Біз қарапайым халықпыз. Біз террорист емеспіз» деген жазуы бар мата көтеріп тұрған қарусыз адамдарға оқ атқанын өз көзімен көрген.

Астананың 57 жастағы тұрғыны Әбдуәли Тағай 2016 жылы «жер митингілері» кезінде азаматтық белсенділігімен көзге түскен. Сол кезде жер реформасына қарсы елдің әр өңірінде өздігінен басталған наразылықтар биліктің Жер кодексіндегі дау тудырған өзгерістерге мораторий жариялауына түрткі болған еді. 2019 жылы Қазақстанда Қытаймен бірлескен «инвестициялық жобаларды» жүзеге асыруға қарсы наразылықтар өткен кезде Тағай да ұсталған.

Ал Алматы облысының 62 жастағы тұрғыны Талғат Әшіров пен астаналық 56 жастағы Дүйсенбек Жақашев туралы ашық дереккөздерде мәлімет жоқ. Айыпталушылардың бесеуінің төртеуі ұсталғанға дейін жұмыссыз болғаны көрсетілген. Қайсар Өзбек автобус паркінде жүргізуші болып жұмыс істеген.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Есепте арзандаған дәрі дәріханада қымбат: үкімет нарықты ретке келтірмек

Қазақстанда дәрі-дәрмек жалпы инфляциядан әлдеқайда жылдам қымбаттап жатыр. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі әрбір төртінші препараттың бағасы төмендегенін мәлімдейді. Бұл қайшылық 3 қарашада халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралған үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында байқалды. Дегенмен шенеуніктер тек баға жайын сөз еткен жоқ. Олар мемлекеттік сатып алуда миллиардтаған теңге үнемделгенін айтып, жаңа фармацевтикалық өндірістер ашылатынын, тегін дәрі-дәрмекпен қамту аясы кеңейіп, цифрлық бақылау күшейетінін хабарлады. Мұның бәрі, сөзсіз, маңызды. Бірақ қазақстандықтар осы қамқорлықтың игілігін көре ме? Мәселенің мәніне үңіліп көрейік.

Песков Ресейдің ТМҰ-ға қатысуы туралы пікір білдірді

Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуы қисынды әрі орынды болар еді. Бұл туралы РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәскеуге әзірге ресми шақыру түспеген.«Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуына келсек, өздеріңіз білетіндей, Ресейдің бірқатар өңірінде тарихи шығу тегі жағынан түркі халықтары тұрады», – деді Песков.

Өзгенің баласын өз атына жаздырған ер адам енді одан бас тарту үшін Конституциялық сотқа жүгінді

Астанадағы Конституциялық сотта судья-баяндамашы Айжан Жатқанбаеваның төрағалығымен баланың анасымен ажырасқаннан кейін өзінің әкелігін даулап отырған ер адамның өтініші қаралып жатыр. Ол баланың биологиялық әкесі емес.

Еңбек министрлігі: сынақ мерзімі жалақы төлемеуге негіз емес

Жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдағанда оның кәсіби дағдыларын және тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Алайда сынақ мерзімі азаматтардың еңбек құқықтарын шектемейді.