Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы 4 қыркүйекте S&P Global Ratings Қазақстанның банк секторындағы елдік тәуекелдер бағасын (BICRA) жақсартты. «Салалық тәуекел» (Industry Risk) көрсеткіші «7»-топтан «6»-топқа көтерілді. Ал «экономикалық тәуекел» (Economic Risk) бойынша болжам «тұрақтыдан» «оңға» өзгерді. Бұл — Қазақстанның банк секторындағы жағдайдың ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты түрде жақсарып келе жатқанының белгісі. Бұған дейін S&P 2021, 2023 және 2024 жылдары да секторға берген бағасын қайта қараған. S&P есебінде салалық тәуекел көрсеткішінің жақсаруына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы ұйымдарын қадағалауды күшейту бағытында қабылдаған шаралары әсер еткені көрсетілген. S&P сарапшылары бұл шаралар қаржы секторын қадағалау жүйесін біртіндеп нығайтып, экономикалық құлдырау кезеңдерінде елдегі қаржылық тұрақтылықты сақтауға ықпал ететінін атап өтті. Рейтинг агенттігінің бағалауынша, осы өзгерістердің арқасында Қазақстандағы банк секторын реттеу мен қадағалау жүйесі Өзбекстан, Қырғызстан, Армения және Әзербайжанға қарағанда тиімдірек жұмыс істейді.
Еуразия24 пікірі:
Біздің ойымызша, S&P бағасының жақсаруы халықаралық нарық үшін маңызды белгі. Бұл Қазақстанның банк жүйесі біртіндеп нығайып, ондағы жұмыс тәртібі айқындала түскенін әрі дағдарысқа төтеп беру қабілеті артқанын аңғартады. Мұның ел экономикасы үшін де маңызы зор. Қаржы жүйесі мен оны қадағалау сапасына сенім артқан сайын, алдағы уақытта инвесторлар, кредиторлар және мемлекет үшін туындайтын тәуекелдер де азаяды. S&P банктердің қазіргі жағдайын ғана емес, қаржы секторын реттеу ісіндегі өзгерістерді де оң бағалап отыр. Бұған банк активтерінің сапасын бақылаудан бастап, капитал мен өтімділікке қойылатын талаптарды күшейтуге дейінгі шаралар кіреді. Экономикалық тәуекел бойынша болжамның «оңға» өзгеруі де назар аударуға тұрарлық. S&P шешіміне қарағанда, халықаралық сарапшылар макроэкономикалық жағдайдың тұрақтануы, инфляцияның баяулауы және банк активтері сапасының жақсаруы жүйелік тәуекелдерді одан әрі азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді. Әрине, рейтингтің қайта қаралуы ертеңнен бастап кредит арзандайды немесе қаржы секторындағы барлық мәселе бірден шешіледі деген сөз емес. Дегенмен Қазақстанның банк жүйесіндегі әлсіз тұстарды ерте анықтап, олардың алдын алуға бағытталған тәсілге көшуінің өзі жалпы экономикалық тәуекелдерді жүйелі түрде төмендетуге жол ашады.




