Астана. 24 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанда этномәдени ұйымдардың қызметіне қолдау көрсетіле береді, ал Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) қалыптастырған тәжірибесі Халық кеңесінің жұмысында пайдаланылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Қазақстан халқының бірлігін нығайту – айрықша маңызды мәселе. Сондықтан Халық кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың сабақтастығын, дәстүрлері мен озық тәжірибесін сақтауы керек. (…) Біз этномәдени орталықтарды, театрлар мен бұқаралық ақпарат құралдарын жан-жақты қолдай береміз. Бұл – мемлекеттің конституциялық міндеті», – деді Тоқаев бейсенбі күні Астанада өткен Халық кеңесінің алғашқы сессиясында.
Мемлекет басшысы ҚХА таратылғаннан кейін этномәдени бірлестіктерде бірқатар мәселе туындағанынан хабардар екенін айтты.
«ҚХА өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл оның қалыптастырған пайдалы институционалдық жүйесі енді қажет болмайды деген сөз емес. Сіздерді сендіргім келеді: Ассамблеяның бірегей тәжірибесі өз маңызын жоғалтқан жоқ және ұмыт қалмайды. Ол Халық кеңесінің жұмысында қолданылады», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстандағы этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік үлгісі алдағы уақытта да елдің орнықты дамуына негіз болады. Сонымен қатар ҚХА атқарған жұмыстың маңызы одан әрі арта түседі.
Президент қазіргі кезеңде ортақ мәдени мұраны сақтау мәселесіне ерекше мән беру қажет екенін атап өтті.
«Мұндай мұра мемлекеттік шекарамен шектелмеуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Халық кеңесінің құрамында этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі бар. Бұл – Кеңес мүшелерінің үштен бірі.
«Бұл ҚХА атқарған миссияның Қазақстанның орнықты әрі табысты дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Халық кеңесі Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін орталыққа айнала алатынын да айтты.




