Астана. 29 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттарының өкілдерімен кездесуде Қазақстан-Германия инвестициялық-қаржы платформасын құруды ұсынды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
«Мұндай платформа Германия мен Еуропа капиталын Қазақстан тарапынан бірлесіп қаржыландыру, кепілдік беру және тәуекелдерді бөлу тетіктерімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Ал «Бәйтерек» холдингі жобаларды құрылымдауды қамтамасыз етеді», – деді Тоқаев Берлинде өткен кездесуде.
Президент сондай-ақ аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастыққа басымдық беруге шақырды.
«Қазақстан Германияның Шикізат қорымен ынтымақтастық орнатуға, сондай-ақ UFK кепілдіктерін алуға қойылатын талаптарға сай келетін және Германия өнеркәсібін шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге ықпал ететін жобаларды ілгерілетуге мүдделі», – деді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы неміс компанияларын деректерді өңдеу орталықтарына арналған технологиялар, энергия тиімділігі, бұлтты инфрақұрылым және киберқауіпсіздік салаларындағы мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.
Президент Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық еліміздің Еуропалық одақпен қарым-қатынасының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
«Біз бірге үлкен жолдан өттік. Дегенмен экономикалық әріптестігіміздің әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ. Қазақстан оны сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге дайын», – деді Тоқаев.




