Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін ғана әскери реформа жарияланғаны өкінішті. Мұндай өзгерістер апаттан кейін емес, оның алдын алу үшін әлдеқашан қолға алынуы тиіс еді. Ақорда Қауіпсіздік кеңесі мен Қорғаныс министрлігіне он күн ішінде нақты реформа жоспарын әзірлеп , әскери басқару жүйесін түбегейлі қайта құру міндетін қойды. Біз бұл тапсырмаларды Қазақстанның қолданыстағы Әскери доктринасымен және Қарулы күштерді құру мен дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы қоғамға белгілі мәліметтермен салыстырып көрдік. Мақсатымыз – елдің қорғаныс жүйесінде бұған дейін болмаған қандай түбегейлі өзгерістер жасалатынын анықтау. Нәтижесінде күтпеген жайттар анықталды.
ШЫНАЙЫ ЖАУЫНГЕРЛІК ДАЙЫНДЫҚҚА КӨШУ
Қасым-Жомарт Тоқаев 27 қыркүйекте Ақордада өткен жиында Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатаң баға берді. Мемлекет басшысы оның мән-жайын анықтаумен ғана шектелмей, мұндай оқу-жаттығуды өткізу туралы шешімнің неге негізделгенін және қойылған міндеттердің қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті .
«Армияда қордаланған мәселелер жылдан жылға шешімін таппай келеді. Бұл елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Бұған дейінгі қайғылы оқиғалардан ешқандай сабақ алынбаған. Осы оқу-жаттығудың жоспарын кім әзірледі және кім бекітті? Бас штаб тарапынан үйлестіру жұмыстары қалай жүргізілді? Неліктен оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы қатыспаған? Жауапсыздық, салғырттық пен көзбояушылық үйреншікті жағдайға айналған. Жүйелі жұмыс жоқ, дағдарыс жағдайында әрекет ету жоспарлары сын көтермейді. Мұның бәрі әскери ведомство басшылығының немқұрайлылығының салдары», – деді Тоқаев.
Біздіңше, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаеваның жетекшілігімен комиссияның құрылуы және Айдос Мырзахметовтің Қорғаныс министрі болып тағайындалуы армиядағы сөз жүзіндегі өзгерістер кезеңінің аяқталғанын аңғартады.
Мемлекет басшысы армияда жылдар бойы шешілмей келе жатқан жүйелі мәселелер бар екенін атап өтті. Төменде сол мәселелерді ашық дереккөздерде жарияланған ресми құжаттар негізінде қарастырамыз.
ЖАҢА РЕФОРМАНЫҢ ӨЗЕГІ – БҰРЫНҒЫ ТӘЖІРИБЕ
Қасым-Жомарт Тоқаев пен жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов қыркүйекте айтқан негізгі бастамалардың бірқатары қолданыстағы стратегиялық құжаттарда бұрыннан қарастырылған бағыттармен үндеседі.
Біріншіден, цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу. Президенттің «мүмкіндік бар жерде адам еңбегін технологиямен алмастыру» жөніндегі талабы мен Мырзахметовтің ұшқышсыз ұшу аппараттарын және радиоэлектрондық күрес құралдарын енгізу туралы тапсырмасы 2021 жылғы Тұжырымдамада белгіленген міндеттермен сабақтас. Аталған құжатта киберкеңістік пен ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктеріне ерекше мән берілген. Ал Әскери доктринаның 56-тармағында автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу көзделген.
Екіншіден, әскери қызметтің қауіпсіздігі және адами капитал. Президент 27 қыркүйекте әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауды басты міндеттердің бірі ретінде атады. Бұл бағыт 2021 жылғы Тұжырымдамада да қамтылған. Онда әскери қызметшілерді ынталандыру мен тәртіпті нығайту мәселелері қарастырылған. Әскери доктринада да тәрбие жұмысы мен жауынгерлік рухты көтеруге қатысты міндеттер белгіленген.
Үшіншіден, бюрократияны азайту және басқару жүйесін оңтайландыру. Қорғаныс министрінің артық есептілік пен қажетсіз кеңестерді қысқарту жөніндегі тапсырмасы Әскери доктринаның 17-тармағында белгіленген Бас штабтың ведомствоаралық үйлестірудегі рөлімен мазмұндас.
Төртіншіден, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану. Қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу талабы Әскери доктринаның 60-тармағындағы теңгерімді қаржы саясатын жүргізу қағидаттарымен үндеседі. Тұжырымдамада да мемлекеттік қорғаныс тапсырысын тиімді жоспарлау мәселесіне мән берілген.
Қарулы күштерді құру және дамыту тұжырымдамасын Президент 2021 жылғы 25 қыркүйекте бекітті. «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар құжаттың толық мәтіні ашық дереккөздерде жарияланбаған. Әскери доктрина 2017 жылы қабылданып, 2022 жылғы қазанда өзгертілді. Осылайша, екі құжат та Қазақстанда бірнеше жылдан бері қолданыста.
ЖАҢА РЕФОРМАНЫҢ БАСТЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Біз атап өткен негізгі бағыттар бұрынғы құжаттармен үндес болғанымен, жарияланған реформаның әскери басқару жүйесіне елеулі өзгеріс әкелетін жаңа тұстары да бар.
Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев көп беттік «тұжырымдамалар» мен «жол карталарын» әзірлеу тәжірибесінен бас тартуды қатаң талап етті. Оның орнына нақты міндеттер мен оларды орындау кезеңдері белгіленген әскери реформа жоспары әзірленуге тиіс. Оны дайындауға он күн берілді. Жоғарыда біз қолданыстағы Тұжырымдама мен Әскери доктринаның негізгі ережелерін келтірдік. Екеуі де көлемді құжат. Алайда әскери басшылықтың бұл құжаттармен қаншалықты таныс екені және қажет жағдайда олардың талаптарын жедел басшылыққа ала алатыны күмән тудырады.
Екіншіден, кадр саясатында кәсіби біліктілік пен тәжірибеге басымдық беру көзделіп отыр. Президент командалық лауазымдарға тағайындау кезінде жеке басына берілгендік емес, кәсіби тәжірибе мен құзырет шешуші өлшем болуы керектігін нақты айтты . Біздіңше, мұндай талап жоғары офицерлік құрамдағы кәсіби даярлық мәселесіне байланысты қойылып отыр.
Үшіншіден, әскери оқу-жаттығуларды өткізу тәсілі өзгермек. Президент бұл мәселеге қатысты: «Армияны дамытудың жаңа тәсілдері қажет. Бір үлгідегі шешімдер, көзбояушылық үшін өткізілетін маневрлер мен әдемі есептер ешкімге керек емес», – деп нақты мәлімдеді.
Мұның бәрі Ақорданың арнайы тапсырмасынсыз-ақ әскери басқару жүйесінде қалыпты қағида ретінде орындалуы тиіс еді. Алайда бұл мәселелерге 14 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін ғана назар аударылды. Оның құны тым ауыр болды. Бұған жол беруге болмайды.
Егер Қарулы күштер қызметінің негізгі басымдықтарының басым бөлігі 2017 жылғы Әскери доктрина мен 2021 жылғы Тұжырымдамада бұрыннан белгіленсе, Қорғаныс министрлігі осы уақытқа дейін немен айналысты деген заңды сұрақ туындайды.
Бұған нақты жауап бере алмаймыз. Дегенмен мәселенің түп-төркіні жоспарланған міндеттер мен олардың іс жүзінде орындалуы арасындағы алшақтықта болуы мүмкін.
Қазақстанда заманауи нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Әскери доктрина уақыт талабына сай жаңартылып отырды. Соның ішінде 2022 жылы «гибридті» қатерлер мен Қаңтар оқиғалары ескеріліп, тиісті өзгерістер енгізілді. 2021 жылы елдегі жеті полигонда барлық күштік құрылымдардың қатысуымен «Отпантау-2021» ауқымды кешенді жедел-стратегиялық әскери оқу-жаттығуы өткізілді.
Алайда Президенттің жиында айтқан сын-пікірлеріне қарағанда, Қарулы күштердегі басқарушы және орындаушы буындар арасындағы байланыс тиісті деңгейде болмаған. Жоғары басшылыққа қаржының игерілуі және соғыс жүргізудің жаңа тәсілдерінің сәтті меңгерілуі туралы оң есептер берілген. Ал іс жүзінде әскери бөлімдерде ең қажетті материалдық-техникалық жабдықтар, тіпті құтқару құралдары да жеткіліксіз болған.
ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ
Жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов қолбасшылармен өткізген алғашқы кеңесінде Президент тапсырмаларын жеткізе отырып, сандық көрсеткіштер мен формалды есептіліктен нақты қажеттілікке негізделген қайта жарақтандыруға көшудің басталғанын аңғартты.
Ендігі жерде жұмыстың тиімділігі өткізілген іс-шаралардың санымен емес, әскердің жауынгерлік қабілеті және әскери қызметшілердің қауіпсіздігімен бағалануға тиіс.
Нақты армия мен қоғамға көрсетіліп келген оның сыртқы бейнесі арасындағы алшақтықты жоятын кез келді.
«Отан қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Өмірін әскери қызметке арнаған азаматтар мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауына лайық. Әскердегі қызмет қорқыныш пен үрей тудырмауға тиіс. Армия өткен мен бүгіннің үздік үлгілері негізінде жас сарбаздарды тәрбиелейтін, Отанына адал нағыз патриоттарды қалыптастыратын институт болуы керек», – деді Тоқаев 27 қыркүйекте.
Біз мемлекеттің армияның қоғам алдындағы беделін қалпына келтіру жоспарына үмітпен қарауға тырысамыз. Алайда мұндай өзгерістің он күнде жүзеге аспайтыны анық. Тіпті оған он жыл да жеткіліксіз болуы мүмкін.




