Kursiv хабарлайды: «Қазақстанда банктер арасындағы мобильді аударымдардың шекті сомасын 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов брифинг барысында мобильді аударымдар лимитін көтеру мәселесіне түсініктеме берді. Оның айтуынша, әңгіме әртүрлі банктер арасында телефон нөмірі арқылы ақша аударуға мүмкіндік беретін Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіндегі лимиттер туралы болып отыр. «Жалпы әр банктің тәуекел саясаты бар. Яғни банк өз клиенттерінің бір күнде қанша қаражат аудара алатынын өзі белгілейді. Сонымен қатар клиент мобильді қосымша арқылы да аударым лимитін өзі қоя алады. Бұдан бөлек, біздің жүйе аясында бекітілетін базалық лимиттер бар. Қазір тиісті жоба «Ашық НҚА» порталында талқылауға шығарылды. Егер ол қабылданса, лимит 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғаяды», – деді Жәленов. Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, құжат қазан айының соңында күшіне енуге тиіс. Нормативтік-құқықтық актінің жобасы 14 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында қоғамдық талқылаудан өтті. Қазір құжат мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Осылайша, банктің өзінде белгіленген аударым лимиті мүмкіндік берсе, телефон нөмірі арқылы 2 млн теңгеге дейін ақша аударуға болады».
Еуразия24 пікірі:
Бұл – жақсы жаңалық. Өйткені соңғы екі жылда инфляцияның әсерінен 1 млн теңгенің сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендеді. Бүгінде бір миллион теңге үш медианалық жалақыға да жетпейді. Яғни таяуға дейін шынымен ірі аударымдарға қойылған шектеу ретінде қабылданған бұл сома қазір күнделікті өмірде кездесетін қалыпты қаржылық операциялар ауқымына еніп отыр.
Ұлттық банк бастапқыда алаяқтықтың алдын алу мақсатында лимитті 1 млн теңге көлемінде белгілеген еді. Мұның қисыны түсінікті: телефон нөмірі арқылы бірден аударуға болатын сома неғұрлым жоғары болса, алаяқтық әрекет сәтті жүзеге асқан жағдайда келетін шығын да соғұрлым көп болуы мүмкін. Алайда банк жүйесінде операцияларды тәуекел деңгейіне қарай бақылау тетіктері белсенді енгізіліп, жетілдіріліп келеді. Сондықтан лимит 1 млн немесе 2 млн теңге болғанына қарамастан, алаяқтықтың алдын алуда ең алдымен клиенттің әдеттегі қаржылық белсенділігі мен операцияларының сипатын ескеру маңызды.
Цифрлық төлем инфрақұрылымының экономикадағы ақша көлемінің номиналды өсіміне сай бейімделуі – заңды құбылыс.
Тегтер:




