«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, Беларусь жерінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгерлік күштері қатысатын «Мызғымас бауырластық – 2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Сонымен қатар радиациялық, химиялық және биологиялық қауіптен қорғау және медициналық қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күштердің «Барьер – 2026» арнайы оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Бұл туралы оқу-жаттығулардың бірлескен баспасөз орталығы мәлімдеді. «Бітімгерлер өз қызметінде өшпенділікке, төзімсіздік пен зорлық-зомбылыққа тап болады. Алайда осындай күрделі жағдайда да жүктелген міндеттерді халықаралық құқық талаптарын қатаң сақтай отырып, кәсіби әрі тиімді орындау қажет», – деді ҰҚШҰ Біріккен штабы бастығының орынбасары Руслан Шпекбаев. Оның сөзі оқу-жаттығулардың бірлескен баспасөз орталығы таратқан хабарламада келтірілген. Баспасөз орталығының мәліметінше, оқу-жаттығуға Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның ҰҚШҰ құрамындағы әскери бөлімдері, құқық қорғау органдары мен ұлттық ұлан бөлімшелері, сондай-ақ ұйымның Біріккен штабы мен Хатшылығының жедел топтары қатысып жатыр. ҰҚШҰ дерегінше, оқу-жаттығуға 1,5 мыңнан астам әскери қызметші, 300-ден астам қару-жарақ пен әскери және арнайы техника жұмылдырылған. Олардың қатарында әртүрлі үлгідегі 80-ге жуық ұшқышсыз ұшу аппараты бар.

Еуразия24 пікірі:
Қазақстан үшін «Мызғымас бауырластық – 2026» және «Барьер – 2026» оқу-жаттығуларына қатысу – әскери бөлімшелеріміздің көпұлтты күштер құрамында бірлесе әрекет етуге қаншалықты дайын екенін іс жүзінде сынаудың мүмкіндігі. Бітімгерлік миссиялар тек әскери міндеттерді орындаумен шектелмейді. Қақтығыстардың бейбіт тұрғындарға тигізетін зардабын ескеріп, халықаралық құқық талаптарын сақтау да аса маңызды. Ал мұндай тәжірибені штабта отырып, құжат жүзінде меңгеру мүмкін емес.
Айта кетейік, Қазақстанның осындай оқу-жаттығуларды ұйымдастыруда өз тәжірибесі бар. 2024 жылы еліміз «Берег» полигонында өткен «Мызғымас бауырластық» оқу-жаттығуын қабылдаған болатын. Сол кезде ҰҚШҰ әскери күштері аумақты патрульдеу, бақылау-өткізу бекеттері мен босқындарды қабылдау орындарының жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ гуманитарлық көмек көрсету тәсілдерін пысықтады.
Биылғы оқу-жаттығулардың бұрынғылардан айырмашылығы – қауіп-қатердің сипаты өзгерген. Қарулы қақтығыстарда жауынгерлік дрондардың кеңінен қолданылуы және қауіпті жұқпалы аурулардың таралу қаупінің артуы 2026 жылғы оқу-жаттығулардың басты бағыттарын айқындады. Медициналық сипаттағы төтенше жағдайларға дайындалу, жұқпалы аурулардың жаппай таралуына жол бермеу тәсілдерін меңгеру ҰҚШҰ елдеріне қауіп төнген жағдайда шұғыл әрі үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік береді.




