«Ведомости» басылымы хабарлайды: «Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуы қисынды әрі орынды болар еді. Бұл туралы РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәскеуге әзірге ресми шақыру түспеген. Дегенмен бұл мәселе Қазақстанмен келіссөздер барысында талқылануы мүмкін. «Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуына келсек, өздеріңіз білетіндей, Ресейдің бірқатар өңірінде тарихи шығу тегі жағынан түркі халықтары тұрады», – деді Песков. Ол ұйым жұмысына жекелеген өңірлер емес, тұтас Ресей Федерациясының қатысуы туралы сөз болуы керек екенін атап өтті».
Еуразия24 пікірі:
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымымен (ТМҰ) ынтымақтастығын кеңейтуді ұсынғанда, оны Ресейдің жекелеген өңірлерімен шектеу қажет деген жоқ. Керісінше, «ТМҰ+» форматы ұйымға мүше емес мемлекеттермен тұтастай ықпалдасуға мүмкіндік беруді көздейді. Бұл тұрғыда Ресей – қажетті әрі маңызды серіктес.
Ресей – түркі халықтары ел тарихының, мәдениетінің және қазіргі қоғамдық-саяси өмірінің ажырамас бөлігі саналатын көпұлтты мемлекет. Біздің пайымдауымызша, Қазақстан да, ТМҰ-ның өзге мүшелері де Ресейді жекелеген өңірлеріне ғана қарап, ішінара түркілік сипаты бар ел деп қабылдамайды. Халықаралық ынтымақтастықтың қалыптасқан тәртібі бойынша да ұйымдарға егемен мемлекеттер қатысады. Ал Ресейдің түркі халықтары тұратын өңірлері мәдени, білім беру және гуманитарлық жобаларға белсенді атсалыса алады.
Айтпақшы, ТМҰ жұмысына түркітілдес емес мемлекеттің қатысу тәжірибесі бар. Мажарстан 2018 жылы-ақ бақылаушы мәртебесін алған. Демек, ТМҰ тек тілдік жақындыққа негізделген бірлестік аясынан әлдеқашан шығып, ортақ экономикалық, мәдени және геосаяси мүдделерге сүйенген ынтымақтастықты дамытып келеді.
Ресейдің «ТМҰ+» аясындағы ынтымақтастығының практикалық маңызы бар. Ол Орталық Азияны Еуропа нарықтарымен байланыстырып, халықаралық көлік дәліздерін, энергетикалық және өнеркәсіптік жобаларды дамытуға қатысады. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия үшін Мәскеумен байланысты кеңейту сауда, логистика, инвестиция және ғылыми-техникалық ынтымақтастық салаларында қосымша мүмкіндіктер ашады. Бұл үшін түркі интеграциясы аясында жаңа міндеттемелер қабылдау немесе қолданыстағы әріптестік келісімдерді өзгерту қажет емес. Ресейдің «ТМҰ+» форматына қосылуы диалог алаңын кеңейте түседі.




