1979 жылғы Ислам революциясынан бастап 2026 жылғы Таяу Шығыстағы соғысқа дейінгі аралықтағы Вашингтон мен Тегеран арасындағы текетіресті ұзаққа созылған геосаяси бәсеке деуге болады. Осы кезеңге тарихи тұрғыдан көз жүгіртсек, Иранның геосаяси ұстанымы бүгінде АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда берік көрінеді. Тарихқа зер салсақ, ежелгі Парсы елі қуатты державалармен ұзаққа созылған текетірестерге талай мәрте төтеп берген. Мұндай қарсыластықтардың басым бөлігінде ол жеңілгеннен гөрі, басым түскен тарап ретінде танылған.
Ақ үйдегі стратегтер Иранның ұзаққа созылған қысымға төтеп беру қабілетін толық бағамдай алмады. Тарихта мұндай мысалдар аз емес. Аршакидтер әулеті тұсында да, Сасанилер дәуірінде де Парсы елі сыртқы қысымға қарсы тұра алған. Алайда небәрі 250 жылдық тарихы бар АҚШ үшін мыңжылдықтар бойы қалыптасқан мемлекеттік дәстүрі бар өркениеттік мемлекеттің саяси ұстанымын түсіну оңай емес.
Рим мен Парсы арасындағы соғыс осыған дәлел бола алады. Сол дәуірде Парсы Рим империясының ең ірі қарсыластарының бірі болды. Теориялық тұрғыдан Рим Парфияны (Иран тарихындағы мемлекеттердің бірі) түбегейлі талқандай алар еді. Бірақ іс жүзінде бәрі әлдеқайда күрделі болатын. Алайда бұл үшін Рим императоры бірнеше жылға созылатын шығыс жорығын ұйымдастырып, оған мемлекеттің негізгі әскери және қаржылық ресурстарын жұмылдыруы қажет болатын.
Іс жүзінде Рим империясының билеушілері шығыстағы қарсыласын толық бағындыруға бағытталған ұзақ мерзімді әскери жорыққа қажетті уақыт пен ресурсты ешқашан толық көлемде жұмылдыра алған жоқ.
Теориялық тұрғыдан ауқымды әскер жасақтап, оған тәжірибелі қолбасшыны тағайындауға болатын еді. Алайда Римнің саяси жүйесінің ерекшеліктерін ескерсек, мұндай шешімнің де елеулі тәуекелі болды. Өйткені бұған дейін әлдеқайда шағын әскерге сүйенген қолбасшылардың өздері астананы басып алып, император билігіне таласқан жағдайлар тарихта бірнеше рет кездескен. Сондықтан бұл да тиімді шешім ретінде қарастырылмады.
Сол сияқты Дональд Трамптың тұсында АҚШ-тың әскери әлеуеті қажет болған жағдайда Ормуз бұғазын бақылауға алудан бастап Тегеранға дейінгі әскери операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді. Алайда мұндай ауқымдағы науқан Пентагоннан әскери, қаржылық және материалдық ресурстарды бұрын-соңды болмаған деңгейде жұмылдыруды талап етер еді. Сонымен қатар ол америкалық әскери қызметшілер арасындағы елеулі шығындарға, қымбат әскери техника мен кемелердің жойылуына, сондай-ақ АҚШ үшін айтарлықтай саяси салдарға әкелуі ықтимал.
АҚШ өзін ежелгі Римнің саяси мұрагері ретінде танытады. Бұл ұстаным Сенат, Капитолий сияқты атаулардан бастап, сәулет стилі мен мемлекеттік басқару қағидаттарына дейін көрініс тапқан. Осы тұрғыдан алғанда, АҚШ пен Иран Ислам Республикасы арасындағы текетіресті Рим мен Парсы арасындағы тарихи бәсекелестіктің өзіндік жалғасы ретінде бағалауға болады.
1990–2003 жылдар аралығында АҚШ санкцияларының салдарынан әлеуеті едәуір әлсіреген Саддам Хусейннің Ирагынан айырмашылығы, 1979 жылдан бері түрлі қысымға ұшырап келе жатқан Иран әскери және технологиялық мүмкіндіктерін едәуір нығайтты. Осыған байланысты қазіргі жағдай АҚШ үшін өткен кезеңдермен салыстырғанда өзгеше сипатқа ие.
Осы тұрғыдан қарағанда, АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трамп қазіргі геосаяси ахуалдың ерекшеліктерін толық ескермейтіндей әсер қалдырады. Әскери әлеуеттің болуы оны іс жүзінде саяси немесе әскери нәтижеге автоматты түрде айналдыра алмайды. Сарапшының пайымынша, Тегеранның әскери-саяси басшылығына бағытталған қатаң мәлімдемелердің нақты әскери іс-қимылға ұласпай отырғаны да осының көрінісі.
Бұл жағдайда географиялық фактор да Иранның ұстанымын күшейтті. Ормуз бұғазы Тегеран үшін маңызды стратегиялық артықшылыққа айналды. Штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан трансұлттық мұнай компаниялары Ақ үйге Ормуз бұғазындағы әскери блокаданы алып тастау жөнінде қысым көрсетті. Президент Дональд Трамп Пентагонға Ормуз бұғазындағы блокаданы тоқтату туралы тапсырма берген кезде, аталған компаниялардың мұнай қоры шамамен үш аптаға ғана жететін деңгейде болған.
АҚШ пен Иран арасында меморандумға қол қойылғаннан кейін орын алған бірқатар қарулы оқиғадан соң Ормуз бұғазы қайтадан Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының бақылауына өтіп, кемелердің өту тәртібі қатаңдатылды. Мұнай трейдерлері биржалық операциялар арқылы мұнайдың фьючерстік келісімшарттары бағасының төмен деңгейде сақталуына ықпал етіп отырғанымен, нақты мұнай жеткізуге қатысты келісімшарттар Ормуз бұғазы ішінара ашық болған кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ.
Кейін Тегеран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына 60 күн мерзімге қайта рұқсат берді. Алайда Иран Ислам Республикасы парламентінің төрағасы әрі АҚШ-пен келіссөз жүргізушілердің бірі Мохаммад Багер Ғалибаф бұл шешімнің уақытша сипатта екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кейіннен Иран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қатысты өз құқықтарын іске асыру тетігін айқындайды.
Дональд Трамптың саяси ұстанымының өзегі – Вашингтонның өнеркәсіптік және технологиялық әлеуеті ең жоғары, ал мемлекеттік қарызы салыстырмалы түрде төмен болған кезеңдегі ықпалын қайта қалпына келтіру. Ал Иран қазіргі АҚШ-тың жаһандық көшбасшылықтағы түйткілдерін айқын көрсетіп отыр. Сондықтан Ақ үйдің 47-президенті әскери қуатын қаншалықты көрсетуге ұмтылған сайын, АҚШ-тың шамадан тыс геосаяси міндеттемелерінен туындаған әлсіз тұстары да соншалықты анық байқалады. Мұндай құбылыс кезінде Ежелгі Рим империясының тарихында да орын алып, ақыр соңында оның әлсіреуіне ықпал еткен факторлардың біріне айналды.
Қазіргі жағдайда Вашингтонның елеулі әскери басымдығына қарамастан, Тегеранды АҚШ үшін қолайлы нәтижеге алып келетін шешімдерді қабылдауға мәжбүрлей алмай отырғанын байқауға болады. Ал Иран Ислам Республикасы соққыларға асимметриялық тәсілдермен жауап беріп, өз талаптарын алға тартып, қол жеткізілген уағдаластықтар бұзылған жағдайда дереу жауап қайтаратынын көрсетіп келеді.
Мұның бәрінің негізінде Парсы мемлекетінің ғасырлар бойы қалыптасқан стратегиялық тәжірибесі жатыр. Бұл тәжірибе қарсыласты ұзақ мерзімді текетіресте біртіндеп әлсіретуге, сыртқы қысымға төтеп беруге және уақыт пен кеңістікті ескеретін ұзақ мерзімді көпсатылы стратегияны дәйекті түрде жүзеге асыруға негізделген.




