Евразия24Басты бетҚазақстан ғылымы: Даму жолындағы қос кедергі

Қазақстан ғылымы: Даму жолындағы қос кедергі

|

|

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми-техникалық прогресс жетістіктеріне негізделген, жаһандық бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуда ғылымның айрықша маңызын ескере отырып, соңғы жылдары барған сайын нақты міндеттер қойып келеді. Осылайша ағымдағы жылдың 12 сәуірінде Қазақстанның ғылыми қауымдастығын құттықтай келе, ол «ғылыми әлеуетті ел игілігі үшін тиімді пайдалану қажет, ғалымдарымыздың жаңалықтары тек зертханалық немесе кабинет деңгейінде қалып қоймауы тиіс. Нақты нәтиже беретін әрі өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру маңызды. Қысқасы, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына қызмет етуі керек» екенін ерекше атап өтті.

Елдің жоғары басшылығы тарапынан мұндай назар аударылуы орынды. Себебі бір кездері қуатты әрі беделді болған қазақстандық ғылым шамамен 30 жыл бұрын, Ұлттық ғылым академиясы қоғамдық ұйым мәртебесіне өткен кезеңде, айтарлықтай әлсіреді. Бұл өз кезегінде академиялық, жоғары оқу орындары мен өндірістік ғылым арасындағы өзара тығыз байланысқан бірыңғай жүйенің ыдырауына алып келді.

Ғылыми-әдістемелік сүйемелдеудің толыққанды әрі белсенді түрде жүргізілмеуі салдарынан, экономиканы индустриялық-инновациялық негізде әртараптандыру саясаты көп жылдан бері жүйесіз және тиімсіз, тіпті сәтсіз жүзеге асырылып келеді. Бұл жағдай әлі күнге дейін жобалау сатысында тиісті ғылыми-әдістемелік негіздемесіз әзірленіп жатқан бірқатар мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламалардың мысалынан айқын көрінеді.

Менің ойымша, әлі де толық шешімін таппаған немесе мүлдем шешілмей отырған бірқатар өзекті мәселелердің ішінен тұтастай ғылымды және атап айтқанда, ғылыми зерттеулерді дамытудың жүйелілік деңгейін төмендететін екі негізгі түйткілді бөліп көрсетуге болады.

Бірінші мәселе – ғылымды өндіріспен тиімді интеграциялау үдерістерін басқарудың, сондай-ақ жалпы ғылымды әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси қатынастарға кіріктірудің пәрменді құралдарының осы күнге дейін қалыптаспауы.

Бұған дейін де мен экономиканы индустриялық-инновациялық даму арнасына көшіруге бағытталған бағдарламалық шаралар кешенінен әлемнің индустриялық дамыған елдерінде сәтті қолданылып жүрген Ұлттық инновациялық жүйе (ҰИЖ) сияқты құралды қалыптастыру мен дамытуға қатысты тетіктердің тыс қалып жатқаны туралы бірнеше рет жазған болатынмын.

Айта кететін маңызды жайт, индустрияландырудың алғашқы мемлекеттік бағдарламасын — ҚР Индустриялық-инновациялық дамуының 2003–2015 жылдарға арналған стратегиясын — әзірлеушілер Қазақстанда ҰИЖ-ны қалыптастыру бойынша жеке бағдарламалық шаралар блогын қарастырған болатын. Алайда, уақыт өте келе, экономиканы әртараптандыруға бағытталған кейінгі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу барысында бұл өзекті міндет өз мәнін жойып, бүгінде бұл басқару құралы туралы бірде-бір ресми құжатта айтылмайды. Тек қазіргі гранттық жүйені толыққанды ҰИЖ деп білетін бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің шенеуніктері болмаса, басқа ешбір ресми құжаттан бұл құралды кездестіре алмайсыз.

Алайда мұндай пайым шындыққа сай келмейді. Бұл құрал «ғылым – инновация – коммерцияландыру – ауқымды кеңейту – өндіріске енгізу» тізбегіндегі үдерістерді басқаруға бағытталған жүйелі әрі жан-жақты тәсілді көздейді. Бұл ретте ведомствоаралық толыққанды іс-қимыл, ағымдағы және болашағы зор барлық маңызды ғылыми бағыттарды қамту, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қаржыландыру мәселелерін шешу қамтамасыз етіледі.

Бүгінде ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың белгілі бір топтарында қазіргі гранттық жүйе бұл критерийлерге жауап бермейді деген тұрақты пікір қалыптасты. Шын мәнінде, аталған гранттық жүйеден экономикалық дамуды басқару тиімділігін арттыруға, соның ішінде мен атап өткен ҰИЖ-ға бағытталған, ғылыми-практикалық әлеуеті өте жоғары зерттеулердің тұтас бір шоғыры сызылып тасталса, не туралы айтуға болады? Мұндай ғылыми жобалар тиісті Ұлттық ғылыми кеңесте (ҰҒК) лайықты бағасын алмай отыр. Өйткені бұл кеңес мүшелерінің басым көпшілігі — филологтар, философтар, лингвистер мен педагогтар секілді гуманитарлық сала өкілдері.

Сондықтан көптеген салмақты ғалымдар мен ғылыми ұжымдардың осынау өтпейтін кедергілерден сағы сынып, гранттық жүйеге деген қызығушылығын жоғалтуы таңғаларлық жайт емес. Әділдік үшін айта кетейік, ведомстволық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарында белгілі бір салалық бағыттар бойынша мұндай зерттеулерді жүргізу мүмкіндігі әлі де бар. Алайда бұл жердегі негізгі мәселе — мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар бойынша шешімдер қабылданатын мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы болып отыр.

Қазіргі гранттық қолдау механизмін жетілдіру мақсатында, жүйелі сипаттағы зерттеулер саласындағы көрнекті ғалымдар мен мамандардан құралған қосымша ҰҒК жасақтау орынды болар еді деп есептеймін. Бұл кеңес қазіргі гранттық схемада бағалаудан тыс қалып жатқан жобаларды бөлек сараптаумен айналысар еді.

Ал кең ауқымда, яғни жалпы ғылымды дамыту тұрғысынан алғанда, ғылымның барлық үш тармағын толыққанды жаңғырту үшін жүйелі күш-жігер жұмсау қажет. Әрине, бұл көп уақытты талап етеді. Дегенмен, осынау ауқымды міндеттің толық көлемде шешілуі тиіс.

Ең басты мәселе — осы ауқымды міндеттерді кім жүзеге асыруы тиіс? Қазіргі Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұған қауқары жете қоюы екіталай. Тіпті атауының өзі айтып тұрғандай, бұл ведомство негізінен жоғары оқу орындарының ғылымымен ғана айналысады (гранттардың басым бөлігін университеттердің иемденуі де тегін емес).

Сондай-ақ, бұл міндет қайта құрылған Ұлттық ғылым академиясы үшін де тым ауыр жүк деп есептеймін. Қазіргі таңда «еңсесін енді көтеріп келе жатқан» академияның елдегі ғылыми күштердің негізгі штабы деген бұрынғы мәртебесіне жетуі әлі алыс.

Сондықтан ғылымның барлық үш тармағын қалыптастыру мен интеграциялау үдерістерін реттейтін ерекше орган қажет. Мүмкін, бұл ҒЖБМ құрамынан жеке ғылым ведомствосын бөліп шығару арқылы жүзеге асар және оның қызметі тікелей ҚР Президенті Әкімшілігіне бағынысты болуы тиіс.

Меніңше, екінші мәселе қаншалықты таңсық көрінгенімен, ғылыми жарияланымдар жүйесіне тікелей байланысты. Соңғы уақытта сарапшылық-ғылыми ортада көптеген отандық ведомстволық және университеттік ғылыми журналдардың ішкі саясаты аса өзекті зерттеулердің нәтижелерін өз беттерінде уақтылы жариялауға мүмкіндік бермейді деген пікір бекіп қалды.

Бұған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, ғылым жолындағы әріптестерімнің бірі мынадай жайтты айтып берді: беделді журналдардың бірінде рецензенттің пікіріне сүйене отырып, мақаланың ғылыми құндылығы өте төмен деп бағаланғанын айтқан. Алайда авторлар төленген қаражатты қайтаруды сұраған кезде мақала еш кідіріссіз жарияланып кеткен.

Көптеген ғылыми журналдар рецензенттердің ескертулеріне сілтеме жасағанымен, оларды авторларға ұсынуға асықпайды, ал ұсынған жағдайда да нақты тұжырымдардан гөрі жалпы сипаттағы пікірлермен шектеледі. Сонымен қатар мазмұны күмән тудыратын мақалалар да жарияланып жатады. Мысалы, ғылыми ортадағы тағы бір әріптес астаналық университеттердің бірінің журналында жарияланған мақалаға тап болған. Онда бір ғана беттегі кестеде экономикалық көрсеткіштер миллиард теңгемен берілсе, сол көрсеткіштер мәтін ішінде миллион теңгемен көрсетілген. Әрине, қызығушылық танытқан зерттеуші ресми статистикаға жүгініп, нақты мәліметті анықтай алады. Алайда мұндай сәйкессіздік көпшілік оқырман үшін түсінбеушілік туғызып, жарияланымның ғылыми құндылығын төмендетеді.

Мұндай таңдаулы сипаттағы саясаттың ғылыми журналдар тарапынан жүргізілуі өзекті зерттеулер нәтижелерін жариялауға деген ынтаның төмендеуіне әсер етпей қоймайтыны анық. Ал мұндай ынта болмаса, халықаралық ғылыми қауымдастық деңгейіне шығу мүмкін емес.

Меніңше, міне, осы екі маңызды мәселе ғылымның дамуын тежеп отыр. «Сен істемесең, кім істейді?» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, бұл түйткілдерді шешуге белсенді әрі тынымсыз атсалысу — бүкіл ғылыми қауымдастықтың қасиетті борышы.

Хаслан Құсайынов,

экономика ғылымдарының докторы,
профессор, ХАА академигі

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ұлттық киноның өрлеуі: «Qaitadan» және жаңа мәдени серпін

Отандық кинематографтың сапалық жағынан айтарлықтай өскенін ерекше атап өту керек. Бұл шетелдік киноконтентті көрермен қызығушылығына нұқсан келтірмейтін лайықты баламамен алмастыруға мүмкіндік береді.

Max: Орталық Азия тұрғындарын біріктірген цифрлық кеңістік

Ресейде әкімшілік шаралар арқылы өзге танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге қолжетімділік шектелгенін ескермеген болсақ, ресейлік ІТ-нарықтың бұл өнімі балама платформа ретінде қарастырылуы мүмкін. Ал Орталық Азия өңірінде оның танымалдығы тарихи, мәдени және туыстық байланыстармен түсіндіріледі.

Астанадағы саммит БҰҰ жетекшілерін бір алаңға тоғыстырды

Саммиттің Қазақстанда өтуі де оның маңызын арттыра түседі. Соңғы жылдары еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдап отырған бірқатар бастамаларды ілгерілетіп келеді.

Словакияға «Дружба» мұнай құбыры арқылы жеткізілім қайта басталды

Словакия бейсенбі күні таңертең «Дружба» мұнай құбыры арқылы мұнай қабылдауды қайта бастады. Бұл туралы еуропалық БАҚ елдің экономика министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.