LS агенттігіне пікір білдірген қаржыгер, Qazaq Expert Club сарапшысы Венера Жаналинаның айтуынша, әзірге банктер берген несиелердің сапасы жаппай нашарлады деуге негіз жоқ. Дегенмен шағын және орта бизнестің қаржылық жағдайы әлсіз бөлігінде қарызды өтеуге байланысты қиындықтар көбейіп келеді. 2026 жылдың алғашқы жартысында шағын және орта бизнес субъектілерінің төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелері 40,1%-ға көбейген. Венера Жаналина бұл өсімге қарамастан, қазіргі жағдайды бүкіл банк жүйесіндегі несие сапасының нашарлауы деп бағалауға әлі ерте екенін айтады.ь«Шағын және орта бизнестің төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелерінің үлесі 3%-дан 3,9%-ға өсті. Әзірге бұл аса жоғары көрсеткіш емес. Алайда 90 күннен асқан берешектің ғана емес, төлемі кешіге бастаған несиелердің де көбеюі алаңдатады. Өйткені олардың бір бөлігі алдағы айларда проблемалық несие санатына өтуі мүмкін», — дейді Венера Жаналина.
Еуразия24 пікірі:
Проблемалық несиелердің үлесі 3%-дан 3,9%-ға ғана өскенімен, бұл көрсеткіш шағын кәсіп иелеріне қарызын уақытылы өтеу барған сайын қиындап бара жатқанын аңғартады.

Ірі бизнестің қиын кезеңнен шығуына мүмкіндік беретін қаржылық қоры, активтері бар. Қажет болса, кредиторлармен келісіп, қосымша қаржы тарта алады. Ал шағын және орта кәсіп иелерінің мұндай мүмкіндігі шектеулі. Сауда бәсеңдеп, шикізат қымбаттаса, серіктестер төлемді кешіктірсе немесе жалдау ақысы өссе, ай сайынғы несие төлемін өтеудің өзі қиындық тудырады.
Кәсіпкерлерге несие құны да едәуір салмақ салып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сәйкес (https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1284782 ), шілде айында бизнеске теңгемен берілген несиелердің орташа мөлшерлемесі 21,5% болған. Табысы мен пайдасы шектеулі шағын кәсіпорындар үшін бұл — тым жоғары мөлшерлеме.
Сарапшы атап өткендей, төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелердің көбеюі ғана емес, алғашқы кешіктірулердің жиілеуі де алаңдатады. Өйткені несие 91-күні бірден проблемалық санатқа ауыспайды. Қарызды өтеудегі қиындықтар одан әлдеқайда ерте басталады.
Сондықтан мемлекет, банктер мен қаржы нарығын реттеуші мекеме бұл көрсеткіштерді назардан тыс қалдырмағаны жөн. Шағын және орта бизнестің жағдайы тек бюджетке түсетін салық көлеміне ғана әсер етпейді. Бұл салада халықтың елеулі бөлігі еңбек етеді. Демек, кәсіпкерлердің несие төлеудегі қиындығы түптеп келгенде жұмыс орындарының сақталуына да әсер етуі мүмкін.




