Лондон. 29 шілде. ИНТЕРФАКС – Англия футбол қауымдастығы (FA) Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) футболдан әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарындағы үлесті сыртқы инвесторларға сату жоспарына қатысты нақты ақпараттың жоқтығына алаңдаушылық білдірді.
«Бізге берілген ақпаратқа сүйенсек (…), бұл шешімді іске асыру үшін қажетті рәсімдер, басқару тетіктері мен бақылау жүйесіне қатысты айқындықтың жоқтығы бізді қатты алаңдатады», – делінген сәрсенбі күні жарияланған FA мәлімдемесінде.
Қауымдастықтың хабарлауынша, ФИФА-ның мұндай жоспары туралы алдын ала хабардар болмаған және оған қатысты егжей-тегжейлі ақпарат та алмаған.
FA ФИФА ұсыныстың мән-жайын нақтылағаннан кейін ғана бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын жариялайтынын мәлімдеді.
Сейсенбі күні The Times басылымы ФИФА президенті Джанни Инфантиноның футболдан әлем чемпионатына сыртқы инвестиция тарту жоспары бар екенін хабарлаған болатын.
Басылымның мәліметінше, мұндай инвестиция мәселесі бойынша АҚШ әкімшілігіне жақын тұлғалармен келіссөздер жүргізілген.
Өз кезегінде ФИФА шамамен 20 млрд доллар айналымы болатын еншілес компания құру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын түсіндірді. Бұл компания коммерциялық қызметпен және түрлі іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Сыртқы инвесторлар оның акцияларының 20%-ына дейінгі үлесін сатып ала алады.
ФИФА-ның бұл жоспары Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) қатаң сынына ұшырады.
«Бұл – футболды басқару институттары ешқашан аттамауға тиіс шекара. УЕФА бұл мәселеге өте байыппен қарайды. Әрбір ұлттық футбол қауымдастығы да дәл осылай қарауы керек», – делінген ұйымның мәлімдемесінде.
УЕФА футболдың «мәні мен оны басқару жүйесі, әсіресе ашықтық қамтамасыз етілмеген жағдайда, саудаға салынатын актив емес» екенін атап өтті.




