Астана. 23 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Мәжілістің бұрынғы төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
«Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы болып сайланды», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Қошановтың кандидатурасын бұл қызметке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.
«Бұл – конституциялық мәртебесі бар беделді лауазым. Сондықтан оған қоғамға жақсы таныс, азаматтар мен билік арасында тиімді диалог орната алатын адам сайлануы керек деп санаймын. Осыны ескере отырып, бұл қызметке Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер оны жақсы білесіздер. Ол – жауапкершілігі жоғары, өмірлік тәжірибесі мол нағыз кәсіби маман. Мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы мінсіз еңбек етті. Мәжіліс төрағасы ретінде ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене қатысты. Ерлан Жақанұлы Халық кеңесінің төрағасы қызметінде жемісті еңбек етіп, қоғамдық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Сіздер оның кандидатурасын жан-жақты қарастырып, қолдайсыздар деп үміттенемін», – деді Тоқаев.
Президент жаңа консультативтік органның құрамына білікті мамандар, қоғам сеніміне ие және отаншыл ұстанымымен танылған азаматтар енгенін атап өтті.
«Олардың қатарында белгілі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтқанымдай, ауқымды өзгерістер жасампаз әрі жаңаша ойлайтын азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне араласуына жол ашты. Ел мүддесіне адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қасиетті парыз. Халық кеңесінің әрбір мүшесіне айрықша жауапкершілік жүктеледі. Сіздер Отан игілігі жолында аянбай еңбек етіп, мемлекеттілігімізді нығайтуға елеулі үлес қосасыздар деп сенемін. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңызбен қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға атсалысасыздар деп кәміл сенемін», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Халық кеңесінің алдында тұрған міндеттерге бейсенбі күні өтетін алғашқы сессияның отырысында кеңінен тоқталатынын айтты.
64 жастағы Ерлан Қошанов әр жылдары Премьер-министр Кеңсесінің басшысы, Қарағанды облысының әкімі және Президент Әкімшілігінің басшысы қызметтерін атқарған.
Қазақстанда шілде айында жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына жоғары консультативтік орган – Халық кеңесі құрылды. Оның құрамында 126 адам бар: 42 мүше этномәдени бірлестіктерден, 42 мүше ірі қоғамдық бірлестіктерден, тағы 42 мүше мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден ұсынылған.




