Астана. 22 шілде. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – 2026 жылғы тамызда Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерін цифрлық теңгемен ықпалдастыруға қатысты техникалық жұмыстар аяқталады. Соның нәтижесінде мемлекеттік сатып алу саласында цифрлық теңгені толыққанды қолдануға мүмкіндік туады. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкіметтің сәрсенбі күні таратқан мәліметіне сәйкес, тамыз айынан бастап цифрлық теңге мемлекеттік сатып алу барысында тауарлар, дәрілік заттар, жанар-жағармай материалдары және басқа да материалдық қорларды сатып алуға пайдаланылады.
Қазіргі уақытта айналымға 340 млрд цифрлық теңге шығарылған. Оның қатысуымен 20 пилоттық жоба жүзеге асырылып үлгерді, тағы 10 жоба іске асырылып жатыр, ал 50 жоба іске қосылуға дайындалуда.
Пилоттық жобалар инфрақұрылымдық құрылыс, бюджеттік кредит беру, субсидиялау, гранттық қаржыландыру, мемлекеттік қолдау шаралары, мемлекеттік сатып алу, салықтық әкімшілендіру, сондай-ақ Ұлттық банк пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларын қамтиды. Құны 100 млн теңгеден асатын жобалар бойынша бюджеттік шығыстардың сегіз бағыты үшін цифрлық теңгені қолдану міндетті болады.
Үкіметтің баспасөз қызметі бюджет қаражатының бас мердігерден бастап түпкілікті орындаушыға дейінгі қозғалысын толық бақылауға кедергі келтіретін жайттарға да тоқталды. Іс жүзінде қосалқы мердігер ұйымдар цифрлық теңгені пайдалану үшін смарт-келісімшарттар жасауға дайын емес. Өйткені қолданыстағы заңнамада мұндай талаптар көзделмеген.
Осы түйткілді шешу үшін Қаржы министрлігі қажетті құқықтық тетіктерді енгізуді қарастыратын заңнамалық түзетулер пакетін әзірледі.
Цифрлық теңге жобасын Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп 2023 жылдан бері пилоттық режимде іске асырып келеді. Ал 2025 жылы цифрлық теңге ұлттық валютаның жаңа нысаны ретінде заң жүзінде танылды. Онымен жасалатын барлық операциялар арнайы цифрлық платформа арқылы жүргізіледі. Ұлттық банк цифрлық теңгені айналымға шығарып, платформаны басқарады және оған қатысушыларды қосады. Екінші деңгейлі банктер азаматтар мен компанияларға цифрлық шот ашып, оған қызмет көрсетеді. Сонымен қатар төлемдерді бағдарламалау және цифрлық теңге негізінде смарт-келісімшарттар жасау мүмкіндігі енгізілген.
22 шілдедегі ресми валюта бағамы – 1 АҚШ доллары үшін 469,59 теңге.




