Астана. 28 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев банктерді елдегі бизнесті несиелендіруді жандандыруға шақырды.
«Экономикамыз ұзақ мерзімді қаржыландыруды қажет етеді. Оған қажетті қаражат көлемі бюджет пен даму институттарының мүмкіндіктерінен асып түседі. Банктер бизнесті инвестициялық несиелендіруге барынша белсенді қатысуы тиіс. Бұл – олардың негізгі міндеті», – деді Тоқаев сәрсенбі күні Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында.
Мемлекет басшысының айтуынша, ол үшін банк жүйесіндегі бос өтімділікті тиімді басқару арқылы тиісті реттеушілік жағдай жасау қажет.
«Ал банк жүйесінде мұндай өтімділік жеткілікті деңгейде бар», – деді президент.
«Шексіз талқылауларға уақыт жоқ. Елді өркендеу жолына бастайтын нақты шешімдер қажет. Банктердің, даму институттарының, халықаралық қаржы ұйымдарының және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қатысуымен экономиканың негізгі салаларын ұзақ мерзімді несиелендірудің жаңа тетіктерін іске қосу керек», – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, капитал нарығының мүмкіндіктерін едәуір кеңейту қажет. Ол үшін жеке кәсіпорындарды биржалық құралдарды белсенді пайдалануға ынталандыру маңызды.
«Қосымша қаржыландыру көздерін жұмылдыру және инвестициялық тәртіпті күшейту – аса маңызды міндет. Қазір әзірленіп жатқан «Капитал нарығы туралы» заңда нақты тетіктер қарастырылуы тиіс», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар президент бірыңғай ұлттық қаржы экожүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуге шақырды.
«Қазақстан қор биржасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Alatau City өзара тығыз серіктестік орнатуы керек», – деді Тоқаев.




