Евразия24Таңдаулы жаңалықтарҚұрылыс – экономикалық өсімнің негізгі тірегі

Құрылыс – экономикалық өсімнің негізгі тірегі

|

|

 

Экономист Айдархан Құсайынов былай деп жазды: «Үкіметтің жоспарын қарап шықтым. Экономикалық өсімнің негізгі тетігі ретінде құрылыс саласы таңдалған. 2027–2029 жылдары бұл сала жыл сайын 16–17%-дан астам өседі деп жоспарланып отыр. Оған Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінбек. Экономиканы алға сүйрейтін саланың өте дәл таңдалғанын айтпай кетуге болмайды. Суретте кейінгі үш жылдағы құрылыс саласының өсімі, жалақы мен жұмыспен қамту көрсеткіштері берілген. Байқасақ, қарқынды дамып жатқанына қарамастан, халықтың осы саладан алатын табысы өспеген жалғыз сала – құрылыс. Керісінше, жалақы да төмендеп, жұмыс істейтіндер саны да азайып келеді. Сондықтан таңдау өте ұтымды жасалған: құрылысқа триллиондаған қаржы құйып, ЖІӨ көлемін арттыра беруге болады. Ал халық табысы қатар өспегендіктен, оның инфляцияны үдетуінен қауіптенудің де қажеті жоқ».

Еуразия24 пікірі:

Айдархан Құсайынов бұл жолы да жағдайды астарлы мысқылмен сипаттап отыр. Ол құрылыс саласының қарқынды өсіп жатқанын жоққа шығармайды. Бірақ осы өсімнің салада еңбек ететін адамдардың тұрмысына оң әсері байқалмай отырғанына назар аударады. Яғни құрылыс көлемі жыл сайын екі таңбалы қарқынмен артқанымен, қызметкерлердің нақты табысы мен жұмыспен қамту көрсеткіштері керісінше төмендеп келеді.

Экономист келтірген деректерге тоқталайық. 2023 жылы құрылыс саласы шамамен 15,1%-ға өсті. Ал нақты жалақы өзгерген жоқ, жұмыспен қамтылғандар саны 3,5%-ға азайды. 2024 жылы құрылыс көлемі тағы 15,3%-ға артты. Соған қарамастан нақты жалақы 2,1%-ға, қызметкерлер саны 11,7%-ға қысқарды. 2025 жылы саладағы өсім 17,5%-ға жеткенімен, нақты жалақы 8,9%-ға төмендеп, жұмыс істейтіндер саны 12,3%-ға азайды. 2026 жылдың бірінші тоқсанында да осы үрдіс жалғасты: құрылыс көлемі өскенімен, нақты жалақы мен жұмыспен қамту көрсеткіштері төмендей берді.

Бұл жерде бір маңызды жайт бар. Әңгіме қызметкерлерге есептелген жалақының көлемі емес, оның сатып алу қабілеті туралы болып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше , 2025 жылы құрылыс саласындағы орташа айлық атаулы жалақы 1,5%-ға өсіп, 515 935 теңгеге жеткен. Алайда нақты жалақы индексі небәрі 91,1%-ды құрады. Демек, инфляцияны есепке алғанда құрылысшылардың табысы 8,9%-ға кеміген.

Құсайыновтың айтпағы мынада: егер үкімет мемлекеттік қаржы есебінен ЖІӨ өсімін қамтамасыз етуді көздеп, сонымен бірге халық табысының артуынан туындайтын инфляциялық әсерді барынша тежегісі келсе, құрылыс саласы бұл мақсатқа қолайлы. Мемлекет қаржы бөлу арқылы құрылыс көлемін ұлғайтып, экономикада өндірілген қосылған құнды арттырады. Бұл өз кезегінде ЖІӨ көрсеткішіне оң әсер етеді. Бірақ осы қаржы қызметкерлердің нақты табысының өсуіне ұласпаса, халықтың сатып алу мүмкіндігі де айтарлықтай артпайды. Соның нәтижесінде тұтынушылық сұраныс баяулап, жалақының өсуінен бағаға түсетін қысым да әлсірейді.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Есепте арзандаған дәрі дәріханада қымбат: үкімет нарықты ретке келтірмек

Қазақстанда дәрі-дәрмек жалпы инфляциядан әлдеқайда жылдам қымбаттап жатыр. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі әрбір төртінші препараттың бағасы төмендегенін мәлімдейді. Бұл қайшылық 3 қарашада халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралған үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында байқалды. Дегенмен шенеуніктер тек баға жайын сөз еткен жоқ. Олар мемлекеттік сатып алуда миллиардтаған теңге үнемделгенін айтып, жаңа фармацевтикалық өндірістер ашылатынын, тегін дәрі-дәрмекпен қамту аясы кеңейіп, цифрлық бақылау күшейетінін хабарлады. Мұның бәрі, сөзсіз, маңызды. Бірақ қазақстандықтар осы қамқорлықтың игілігін көре ме? Мәселенің мәніне үңіліп көрейік.

Песков Ресейдің ТМҰ-ға қатысуы туралы пікір білдірді

Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуы қисынды әрі орынды болар еді. Бұл туралы РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәскеуге әзірге ресми шақыру түспеген.«Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуына келсек, өздеріңіз білетіндей, Ресейдің бірқатар өңірінде тарихи шығу тегі жағынан түркі халықтары тұрады», – деді Песков.

Өзгенің баласын өз атына жаздырған ер адам енді одан бас тарту үшін Конституциялық сотқа жүгінді

Астанадағы Конституциялық сотта судья-баяндамашы Айжан Жатқанбаеваның төрағалығымен баланың анасымен ажырасқаннан кейін өзінің әкелігін даулап отырған ер адамның өтініші қаралып жатыр. Ол баланың биологиялық әкесі емес.

Еңбек министрлігі: сынақ мерзімі жалақы төлемеуге негіз емес

Жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдағанда оның кәсіби дағдыларын және тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Алайда сынақ мерзімі азаматтардың еңбек құқықтарын шектемейді.