Қазақстанда биылғы шілде 111 жылдағы ең ыстық кезең ретінде тарихта қалды. «Синоптиктердің мәліметінше, шілде айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты деңгейден 1–4 градусқа жоғары болды. Алматыда 16–20 шілде аралығында бірден төрт температуралық рекорд жаңарды. 16 шілдеде ауа температурасы +38, 17 шілдеде +39,2, 18 шілдеде +40, ал 20 шілдеде +41,5 градусқа жетті. Шымкентте +45,2 градус тіркеліп, 1915 жылдың 16 және 17 шілдесіндегі +41,1 және +40,1 градустық рекордтар жаңарды. Астанада 14 шілдеде ауа температурасы +38,6 градусқа, Өскеменде 16 шілдеде +39,7 градусқа дейін көтерілді. Қызылордада 17 шілдеде +45,2 градус тіркелсе, 18 шілдеде Түркістанда термометр көрсеткіші +47,6 градусқа жетті. Бұған дейінгі 2019 жылғы рекорд +43,7 градус болған. Шілде айы аптап ыстықпен ғана емес, жауын-шашынның мол түсуімен де ерекшеленді. Кейбір өңірлерде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан бірнеше есе асты. Мәселен, Түркістан облысының Жетісай ауданында бір айда түскен жауын-шашын қалыпты мөлшерден 15 есе көп болды», – деп хабарлайды Liter.kz .
Алайда Қазақстандағы рекордтық көрсеткіш әлемдегі жалғыз құбылыс емес. 2026 жылдың жазы дүниежүзінің бірқатар өңірінде аптап ыстықпен есте қалмақ. Жоғары температурамен қатар құрғақшылық, орман өрттері, жауын-шашынның қалыптан тыс түсуі және теңіз суының шамадан тыс жылынуы байқалды.
Мәселен, 31 шілдеде Оңтүстік Кореяда ауа температурасы 41,4 градусқа жетіп, ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұған дейінгі рекорд 41 градус болған.
Қытайдың Шыңжаң өңірінде ауа температурасы 50 градусқа дейін көтерілді. Ал Жапонияда 40 градустан асатын ерекше аптап күндерді сипаттайтын kokushobi, яғни «азапты ыстық күн» деген арнайы атау алғаш рет қолданысқа енді.
Еуропа да бұрын-соңды болмаған аптапты бастан өткерді. 2026 жылғы маусым Батыс Еуропада метеорологиялық бақылау жүргізіле бастағалы ең ыстық маусым болды. Францияда 23 маусымда ауа температурасы 44,3 градусқа жетіп, ел бойынша абсолютті рекорд жаңарды. Маусымдағы аптап адам шығынына да әкелді. Ал шілдеде Францияда жоғары температурамен қатар қатты құрғақшылық байқалып, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден 70% аз түсті.
2026 жылы құрлықпен бірге мұхиттар да айтарлықтай жылынды. Шілде айында Жерорта теңізіндегі судың орташа температурасы шамамен 27 градусқа жетіп, бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Ал тамызда Майорка жағалауында теңіз суы 33 градусқа дейін жылынды.
Климаттың жылынуы осындай көрсеткіштерден анық байқалады. 2026 жылы мамырда Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым Global Annual to Decadal Climate Update 2026–2035 баяндамасын жариялады . Құжатта 2026–2030 жылдары жаһандық температураның индустрияға дейінгі 1850–1900 жылдардағы деңгейден 1,5 градусқа жоғары болу ықтималдығы 75% деп бағаланған. Сонымен қатар алдағы бес жылдың бірінде 2024 жылы тіркелген ең жоғары көрсеткіштің қайталану немесе одан да асып кету мүмкіндігі 86% деп болжанып отыр.




