Евразия24Редакция бағаныБәйтерек холдингі – жаңа мемлекеттік жоспарлау орталығы

Бәйтерек холдингі – жаңа мемлекеттік жоспарлау орталығы

|

|

Taldau Talks жобасының кезекті шығарылымы бұл жолы ерекше танымдық сипатымен әрі мазмұндылығымен ерекшеленді.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба тұрақты қызығушылық тудырып отыр. Айта кететін жайт, конституциялық реформалардан кейін де, Ұлттық құрылтай құрылып, Мемлекет басшысының жаңа өкілетті тұлғалары тағайындалғанға дейінгі кезеңде Сенат спикерінің саяси рөлі маңызды болып қала береді. Спикердің бұл бастамасы – бір жағынан негізгі мемлекеттік қызметшілерді, екінші жағынан бизнес пен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін бір арнаға тоғыстыратын бірегей интернет-алаң. Бұл формат елдегі өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді жария түрде талқылауға мүмкіндік беретіндіктен, оның маңызы жоғары.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаевтың талқыланып отырған мәселелерді терең меңгергені және өз ойын жүйелі жеткізе білу қабілеті айқын байқалады. Осы орайда, тамыз-қыркүйек айларына қарай Taldau Talks жобасының қалай дамитыны және оның бастамашысы әрі жүргізушісінің қандай жаңа қызметке келуі мүмкін екендігі де қоғам үшін қызығушылық тудырады.

Аталған подкастқа деген қызығушылықтың артуына таңдалған тақырып — «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің рөлі тікелей себеп болды. Қазіргі таңда елімізде даму институттары жүйесін қайта жаңғырту процесі шынайы жүріп жатыр ма, әлде ескі тәсілдер әлі де сақталып отыр ма? Қазақстан экономикасын трансформациялауда «Бәйтерек» холдингі бүгінде қандай рөл атқаруда? Бизнесті қолдау мен жекеменшік құралдарды ығыстыру арасындағы шекара қай жерде? Қазақстанның даму банкі, «Даму» қоры және өзге де институттар қаншалықты тиімді жұмыс істеуде?Қаржыландыру көлемі қомақты болғанымен, неліктен сапалы экономикалық тиімділікке әрдайым қол жеткізіле бермейді?

Бір қарағанда, талқыланып отырған мәселе маңызды болғанымен, ерекше жаңалық ретінде қабылданбауы мүмкін. Taldau Talks үшін мұндай деңгейдегі ондаған тақырыпты мысалға келтіруге болады. Сондай-ақ шақырылған қонақтардың құрамы да ешқандай таңданыс тудырмаған: олардың қатарында «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, KPMG-дің Кавказ бен Орталық Азиядағы басқарушы серіктесі және СЕО-сы (халықаралық консалтингтік компания) Сәкен Жұмашев, сонымен қатар экономист, «Desht» талдау орталығының басшысы және Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшесі Қуаныш Жайықов болды.

Алайда мәселенің мәніне тереңірек үңілсек, бұл талқылаудың қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Тіпті сұхбатқа қатысушылардың өзі байқамаған тұста, Қазақстан экономикасына таңылған «шикізатқа тәуелді» модельдің шынайы сипаты мен астарлы тұстары айқын ашылып қалады.

Біз уәде еткен мәселенің астарын ашып, негізгі түйткілдерді тарқату үшін алдымен мына бір жайттарға назар аударайық. Бір қызығы, «антиотарлық» сипаты бар бұл ойларды «Үлкен төрттікке» кіретін халықаралық KPMG консалтингтік компаниясының өкілі айтып отыр. Ал іс жүзінде «ескі Қазақстанның» неоотарлық экономикалық моделі кезінде дәл осы секілді алпауыт компаниялардың тікелей қадағалауымен және бағыт-бағдарымен қалыптасқан болатын.

Сонымен, Сәкен Жұмашевтың пайымдауынша, мәселенің мәні мынада:
«Қазіргі таңда «экономикадағы мемлекеттің рөлін арттыру керек» дегендермен қатар, «бәрін нарық заңдылығына қалдырып, толық либерализациялау қажет» деген пікірлер де бар. Біз жүргізген талдау нәтижесі көрсеткендей: егер мемлекет белгілі бір салаларды қаржыландыруды тоқтатса (айталық, ертең «Бәйтерек» холдингі шағын және орта бизнесті қолдауды доғарса), онда экономикамыз бірден тоқырауға ұшырайды. Екіншіден, күрделі жобалар мен стратегиялық салалар дамымай қалады да, бүкіл экономикамыз тек шикізат төңірегінде ғана шектеліп қалады».

Осы тұста сөйлеуші экономиканың не нәрсеге байланып қалатынын қолымен ишара етіп көрсетіп: «мұнай, металл және астық. Ал жасанды интеллект немесе күрделі өңдеу өнеркәсібі сияқты сабақтас салалар мүлдем дамымайды», — деп атап өтті.

Бұдан әрі ол өте маңызды мәлімдеме жасады: «Зерттеу нәтижелеріне көз жүгіртіп, қарапайым логикаға сүйенсек, әлемдік экономика үшін қосылған құны жоғары өнім шығаратын, өнеркәсібі қуатты Қазақстанның не қажеті бар? Ашығын айтқанда, біздің көршілеріміз бен өзге де ірі экономикасы мықты мемлекеттер, ең алдымен, өз мүддесін ойлайды. Ешкімге де әлеуеті күшті Қазақстан керек емес».

Бұл айтылғанның барлығы батыл пікір болғанымен, сенсация емес, тіпті көпке мәлім ақиқат деуге болады. Оны кім білмейді? Ал даму институттары болса, шикізат саудасына тәуелділіктен арылуға көмектесетін құрал ретінде көрсетіледі.

Шын мәнінде, жағдай солай: «Бәйтерек» холдингі Қазақстан экономикасына нақты қолдау көрсетіп отыр. Егер ол болмаса, еліміздің ауыл шаруашылығы саласы қаржы тапшылығынан-ақ тұралап қалар еді. Рас, іс жүзінде жоғары технологиялық өнім өндіру деңгейіне жете алмай келеміз, экономикамыз әлі де мұнай, металл және астық экспортына байланып тұр. Дегенмен, қалай болғанда да, бұл жүйе әзірге жұмыс істеп тұр.

Талқылау барысында «Бәйтерек» холдингінің Қазақстан экономикасын қолдау бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары туралы мазмұнды әрі оң сипаттағы пайымдаулар айтылды. Атап айтқанда, холдинг мамандарының инвестициялық нысандарды іріктеу мен инвестициялау процесіндегі ең озық әдіс-тәсілдерді қалай игеріп жатқаны жан-жақты баяндалды.

Міне, дәл осы тұста біз жоғарыда айтылған негізгі түйткілге тірелеміз: «Бәйтерек» холдингі өз қызметін жетілдіру үшін қандай әдістерді қолданып жатқанын білесіз бе? Бұл — кезінде КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті (Бас жоспар), КСРО Мемлекеттік банкі және КСРО Министрлер Кеңесі қолдануға тырысқан тәсілдер!

Кезінде қайта құру кезеңінің көрнекті тұлғасы, академик Станислав Шаталин болған еді. Дәл осы кісі жоспарлы экономикадан нарықтық жүйеге түбегейлі өтуді көздейтін «500 күн» бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын басқарды. Оның өз түсіндіруінше, нарықтық ұстанымға көшуіне сол тұста пайда болған ЭЕМ (электронды есептеуіш машиналар) көмегімен жоспарлы экономиканы есептеп шығару әрекеттері себеп болған. Ол барлық көрсеткішті дәл есептеудің мүмкін емес екеніне көз жеткізген.

Ал бүгінде «Бәйтерек» холдингінің басшысы инвестициялау үшін ең келешегі бар бағыттар мен қажетті нысандарды іріктеу ісінің күн санап жетіліп жатқанын кәсіби деңгейде баяндап отыр. Бұл ретте шешім қабылдау процесінде адам факторының әсері азайып, Жасанды интеллект мүмкіндіктеріне басымдық беріле бастаған.
Шынында да, қазіргі заманда жасанды интеллект жүйелері барлығын дерлік орындай алады.

Алайда, мұнда бір мәселе бар: «Бәйтерек» холдингі Қазақстан экономикасына бағытталған осынау мұқият есептелген инвестициялары үшін қаржыны қайдан алады және неліктен Taldau Talks қатысушылары бұл туралы сөз қозғамады?

Себебі «даму институттары» деп аталатын құрылымдардың капиталдандырылуы мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады, ал қазіргі таңда бюджет тапшылыққа ұшыраған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры ұзақ уақыттан бері шығыс режимінде жұмыс істеп келеді. Бұған қоса, негізгі қаржы көзі – сыртқы қарыздар. Яғни, бұл Қазақстанның онсыз да жоғары сыртқы қарызының ұлғаюына әкеледі және осы қарызды өтеу үшін ұлттық экономикадан шетелге шығарылатын валюталық қаражат көлемінің үнемі артуымен қатар жүреді.

Ал ішкі несие ресурстарын пайдалануға не кедергі? Пікірталасқа қатысушылар бұл мәселені көпке мәлім, дау тудырмайтын ақиқат ретінде үстірт қана қозғап өтті.

Олардың пайымдауынша, Қазақстандағы несие мөлшерлемесі тым жоғары. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде ұстап отыр. Бұл экономика үшін ауыр болғанымен, инфляциямен күрес жолында мұндай қадамға бару — амалсыз шара ретінде көрсетілді. Бұл шараның тиімсіз тұстары болса да, оның қажеттілігіне ешкім шүбә келтірмейді.

Алайда іс жүзінде инфляцияның негізгі себепкері Ұлттық банктің өзі болып табылатыны «Еуразия-24» оқырмандарына жақсы мәлім. Ал ел экономикасына жауапты тұлғалардың бұл жайттан хабарсыз болуы немесе оны білгісі келмеуі үлкен сұрақ тудырады

Осыған орай, Taldau Talks алаңында кезекті рет байқалған Қазақстан экономикасындағы жүйелік қайшылықтың мәнін нақтылай кетейік. Аталған құбылыстың түпкі мазмұны – елге тән деп ұсынылған экспортқа бағдарланған модель аясында ішкі инвестицияларды кеңінен дамыту тетіктері қарастырылмаған.

Нәтижесінде, ел аумағында негізінен сыртқы нарықтарға мұнай, металл және астық жеткізуді қамтамасыз ететін салалар ғана сақталады, сондай-ақ осы қызметтерге тартылған халықтың шектеулі бөлігі қалады. Бұл ретте өндірілетін өнімдер қосылған құн қалыптастырмай, бастапқы күйінде сыртқа жөнелтіледі.

Ал ішкі несие мен инвестицияны бұғаттау рөлі инфляциямен күрес сылтауымен Ұлттық банкке жүктелген. Алайда инфляцияның өзі дәл осы банктің жүргізіп отырған саясаты салдарынан өршіп отыр.

Осындай шикізатқа негізделген және монетарлық отарлық модельге қарсы күресте «Бәйтерек» холдингі «партизандық» инвестициялық жасақ секілді әрекет етуде. Ол банктің ақша-несие саясаты тұралатып тастаған ішкі экономиканың тынысын барынша демеп, оның тіршілігін сақтап қалуға тырысып бағуда.

Біз, әрине, «Бәйтерек» холдингінің жұмысына сәттілік тілейміз. Дегенмен, сол Taldau Talks алаңында болсын, мынадай «инвестициялық қайшылықтан» арылу жолдарын талқылайтын уақыт жеткен жоқ па?

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Индустрияландыру жағдайындағы кадр тапшылығы мәселесі

Жалпы, мәселенің мәнін түсіну – оң үрдіс. Сарапшылар да жаңа технологиялық жобалардың тек жария деңгейінде қалып қоймай, нақты іске асырылып жатқанын мойындайды.

Кадр тапшылығы және көші-қон саясаты: Қазақстан жаңа мүмкіндіктер ұсынады

Қазақстан білікті мамандарды тартады, ал Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде еңбек көші-қонын жеңілдету мүмкіндіктері кеңейеді. Қазіргі таңда адами капитал үшін бәсекелестік айтарлықтай күшейген.

Көші-қонға шектеу: тіркеу ережелері өзгеруде

Мемлекет тұрғысынан алғанда, бұл шара халықтың орын ауыстыруын нақты бақылауды күшейтуге бағытталған және ең алдымен статистиканың ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Алайда бұл – мәселенің түпкі себебін шешпейтін әкімшілік қадам.

Таяу Шығыстағы шиеленіс аясында мұнай қымбаттап, Brent бағасы барреліне 95,2 долларға жетті

Мәскеу. 20 сәуір. ИНТЕРФАКС – Таяу Шығыстағы қақтығыстың қайта...