Евразия24ЖаңалықтарЕО Ресей активтерін пайдалануға қатысты жаңа келіссөздерді бастайды

ЕО Ресей активтерін пайдалануға қатысты жаңа келіссөздерді бастайды

|

|

БРЮССЕЛЬ. 5 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Германия канцлері Фридрих Мерц, Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер және Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен арасындағы Брюссельдегі үшжақты кездесу Еурокомиссияда Ресей активтерін пайдалану мәселесіне қатысты жаңа келіссөздердің бастамасы ретінде қарастырылып отыр. Бұл туралы Еурокомиссия өкілі Паула Пинью мәлімдеді.

«Бұл кездесу комиссияның екі күн бұрын ұсынған бастамасын тереңірек талқылауға жол ашады. Бұл – Еуроодаққа мүше елдермен, соның ішінде Бельгиямен консультация бастауға арналған заңнамалық ұсыныс. Құжат желтоқсанда өтетін Еуропалық кеңес отырысы (18–19 желтоқсан) қарсаңында түрлі пікірлерді ескере отырып, талқыланады», – деді ол брифингте.

Пиньюдың айтуынша, Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропалық кеңес басшысы Антониу Кошта алдағы саммитте Украинаға қаржылай көмектің бір нұсқасын мақұлдатуды көздеп отыр. Бұл – 2026–2027 жылдары Украинаға қолдау көрсету тетіктерін іздеуді көздейтін Еуропалық кеңестің тапсырмасына сәйкес ұсыныс.

Оның айтуынша, Бельгия үкімет басшысының Ресей активтерін пайдалануға қатысты алаңдаушылығы аталған үшжақты кездесуде талқыланатыны сөзсіз.

Пинью Еурокомиссия бұған дейін ұсынған үш түрлі нұсқа мүше елдермен белсенді талқыланғанын, оның нәтижесінде 2025 жылғы 3 желтоқсанда қабылданған нақты ұсыныстың әзірленгенін айтты.

Еурокомиссия өкілінің мәліметінше, талқылау барысында Бельгияның алаңдаушылығы ескеріліп, Ресей активтеріне қатысты шешімдерді қолдану аясы кеңейтілген. Бұған дейін негізінен Бельгияда орналасқан Ресей активтері туралы сөз болған, кейіннен қауіпсіздік кепілдіктері мен жауапкершілікті ортақтасуға бағытталған механизмдер ұсынылған.

Журналистердің «Мерц, фон дер Ляйен және де Вевер кездесуінен қандай да бір серпіліс күтуге бола ма?» деген сұрағына Пинью нақты жауап беруден бас тартты.

«Мұндай заңнама бұрын-соңды қабылданбаған. Сондықтан сұрақтар қою – заңды. Қазіргі жүріп жатқан консультациялық үдеріс осыған жауап іздеуге бағытталған», – деді ол.

Еске салайық, 3 желтоқсанда Еурокомиссия 2026–2027 жылдары Украинаға қолдау көрсету мақсатында екі түрлі қаржыландыру тетігін ұсынды: ЕО қарыз тарту мүмкіндігі және репарациялық несие. Соңғысы Ресей Орталық банкінің бұғатталған активтерін ұстаушы еуропалық қаржы институттарынан қаражат тартуға мүмкіндік береді.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев әлеуметтік саладағы заңсыздықтарға, әсіресе мүгедектік рәсімдеуге назар аударды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде мүгедектігі бар азаматтар санының өсуіне назар аударып, әлеуметтік салада жеңілдіктерді негізсіз пайдалану жағдайлары бар екенін айтты.

Пәкістан Иранмен энергия тасымалы мен кеме қатынасы мәселесін талқылады

Пәкістан Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Исхак Дар Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен телефон арқылы сөйлесіп, энергия ресурстарын жеткізу мен теңіз арқылы жүк тасымалына кедергі келтірмеу қажеттігін айтты. Бұл туралы Dawn басылымы Пәкістан СІМ мәлімдемесіне сүйеніп хабарлады.

Оңтүстік Корея Таяу Шығыста АҚШ-пен ынтымақтасудың жолдарын қарастырып жатыр

Оңтүстік Корея Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселелері бойынша АҚШ-пен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын, алайда өңірге әскер жіберуді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы сенбі күні «Рёнхап» агенттігі Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің өкіліне сілтеме жасап хабарлады.

Гренландияда АҚШ-тың 150-ге жуық әскери қызметкері бар

Қазір Гренландияда тұрақты орналасқан АҚШ әскери контингентінің құрамында шамамен 150 әскери қызметкер бар. Бұл Пентагон деректерінде көрсетілген.