АСТАНА. 11 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Астана мен Вашингтон стратегиялық энергетикалық әріптестік аясындағы байланысты жалғастырып, энергетика саласына инвестиция тартуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрлігі мәлімдеді.
Мұндай уағдаластық жұма күні Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффттың кездесуінде жасалды.
«Тараптар стратегиялық энергетикалық әріптестік аясындағы сындарлы диалогты жалғастыруға, сондай-ақ энергетика саласына инвестиция тартуға және болашағы бар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал етуге дайын екенін растады», – делінген министрлік ақпаратында.
Кездесуде өңірлік энергетикалық қауіпсіздік, экспорт бағыттарының сенімділігі және әлемдік нарықты энергия ресурстарымен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Қазақстан мен АҚШ энергетика саласындағы негізгі мәселелерді Стратегиялық энергетикалық диалог (Strategic Energy Dialogue, SED) аясында талқылап келеді. Оның күн тәртібіне мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық, энергия ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, шығарындыларды азайту, бейбіт атом энергетикасы және аса маңызды шикізат өндіру мәселелері кіреді.
2026 жылғы қаңтарда Қазақстанның Энергетика министрлігі SED алаңы мамандар арасындағы байланысты кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және энергетикалық саясаттың негізгі бағыттары бойынша ортақ шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өткен.
Екі елдің энергетика саласындағы байланысында Қазақстанның мұнай-газ секторында жұмыс істейтін америкалық компаниялардың да үлесі зор. АҚШ компаниялары Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы ірі жобаларға қатысып келеді.




